Жүрек ауруына шалдыққан австралиялық азамат титаннан жасалған жасанды жүрекпен 100 күн бойы сәтті өмір сүрген әлемдегі тұңғыш адам атанды. Ота жасаған австралиялық ғалымдар мен дәрігерлер бұл тәжірибені «айқын клиникалық жетістік» деп мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz порталы ВВС-ге сілтеме жасап.
40 жастағы пациент — Австралияның оңтүстік-шығысындағы Жаңа Оңтүстік Уэльс штатының тұрғыны. Ол ел тарихында толықтай жасанды жүректі салдырған алғашқы адам болуға өз еркімен (әлем бойынша алтыншы) келісім берген.
Толық жасанды жүректі алғаш рет имплантациясы былтыр АҚШ-та іске асқан. Сол кезде барлық пациент донорлық жүрекке ауруханадан шыққанға дейін қол жеткізді. Ең ұзақ күту мерзімі 27 күнді құрады.
Австралиялық науқасқа жасанды жүрек 22 қараша күні Сиднейдегі Әулие Винсент ауруханасында кардиоторакалды хирург әрі трансплантолог Пол Янсцтың жетекшілігімен өткен алты сағаттық операция барысында орнатылды.
Бұл жасанды жүрек Калифорнияда орналасқан BiVACOR компаниясы тарапынан жасалған. Пациент бұл құрылғымен 100 күннен астам өмір сүріп, наурыз айының басында донорлық жүрек трансплантациясын сәтті қабылдады.
Бұл өнертабыс – әлемдегі алғашқы имплантацияланатын роторлы қан сорғысы. Ол магниттік левитация технологиясын пайдалану арқылы сау жүректің табиғи қан айналымын қайталай отырып, адам жүрегін толық алмастыра алады.
Қазір клиникалық зерттеулердің бастапқы кезеңінде тұрған бұл имплантат соңғы сатыдағы бивентрикулярлы жүрек жеткіліксіздігі бар пациенттерге арналған. Әдетте, мұндай дерт инфаркт немесе ишемиялық жүрек ауруы сияқты басқа да сырқаттардың салдарынан жүректің қатты әлсіреуінен дамиды, бұл өз кезегінде қан айналымының тиімділігін төмендетеді.
BiVACOR компаниясының негізін қалаушы, австралиялық биоинженер Дэниел Тиммс бұл құрылғыны жүрек ауруынан қайтыс болған әкесінің құрметіне ойлап тапқан. Ол өзінің мәлімдемесінде: «жылдар бойғы еңбектің шынайы өмірге айналғанын көру – таңғаларлық сезім» деп атап өтті.
BiVACOR командасы пациент пен оның отбасына біздің толық жасанды жүрегімізге сенім артқаны үшін шынайы ризашылығын білдіреді. Олардың батылдығы бұл құтқарушы технологияны науқастарға қолжетімді ету жолында маңызды қадам болады, – делінген Тиммстың мәлімдемесінде.
Австралия үкіметінің мәліметінше, әлем бойынша жыл сайын 23 миллионнан астам адам жүрек жеткіліксіздігінен зардап шегеді, алайда олардың тек алты мыңы ғана донорлық жүрек трансплантациясын ала алады. Осы мәселені шешу мақсатында үкімет BiVACOR құрылғысын әзірлеу мен нарыққа шығару үшін «Жасанды жүрек: заманауи технология» бағдарламасы аясында 50 миллион доллар бөліп отыр.