Павлодар облысындағы мектептердің бірінің дәретханасына бейнебақылау камерасы орнатылған. Бұл жағдай әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz Hola News телеграм арнасына сілтеме жасап.
Желіде тараған бейнежазбаға сүйенсек, бейнебақылау камерасы Тереңкөл ауылы, А.Текенов атындағы мектептің дәретханасында орнатылған. Жеке кабиналардың іші камераның бақылауынан тыс қалғанмен қол жуатын жер алақандағыдай көрініп тұр.
Бір ыңғайсыз тұсы мектеп дәретханасы қыздар мен ұлдарға ортақ, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдар да осында барады. Бейнежазбада көрсетілгендей, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған кабинаның есігін бекітетін ілмек он екі мүшесі сау адамның қолы әрең жететіндей биікте орнатылған.
Мектепте үш дәретхана бар. Олардың бәріне бейнекамера қойылған. Бірақ олар жеке кабиналардың ішін көрсетпейді. Дәретханаға камера орнату жөнінде шешім былтыр болған жалпы жиналыста ата-аналардың келісімімен қабылданды. Ондағы мақсат – оқушылар арасындағы әлімжеттік пен буллингтің алдын алу, тәртіпті сақтау, қауіпсіздікті күшейту, – деді білім мекемесінің басшылығы.