Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер Ресей президенті Путиннің Украинада атысты тоқтату туралы мәселеде “уақыт созып отыр” деп есептейді. Бұл туралы ол бүгін, 15 наурызда өтетін одақтастармен кездесу алдында мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.
ТОЛЫҒЫРАҚ
The Guardian хабарлағандай, сенбіде «ниеттестер коалициясы» деп аталған Украинада бейбітшілік орнатуға күш салатын елдер өкілдерінің кездесуі жоспарланған. Стармер келіссөздерді тезірек бастап, Украина аумағындағы шабуылдарды тоқтату үшін Кремльге қысым жасамақ.
Виртуалды кездесу Еуропа елдерін, Еуропалық комиссияны, САКҰ (НАТО), Канада, Украина, Австралия және Жаңа Зеландияны біріктіреді. Олар бейбіт келісімді қолдау мәселесін талқылайды.
ДӘЙЕКСӨЗ
Біз Путинге президент Трамптың келісімімен ойнауға рұқсат бере алмаймыз, – деп атап өтті Стармер.
Оның айтуынша, Кремльдің атысты тоқтату туралы ұсынысты елеусіз қалдыруы Путиннің бітімге келуге ниеті жоқ екенін білдіреді.
Ұлыбритания премьер-министрі Мәскеу келіссөздерге дайын болған жағдайда Ресей тарапынан атысты тоқтату шарттарының орындалуын қатаң бақылау қажеттігін атап өтті. Егер олай болмаса, Батыс Кремльді соғысты тоқтатуға мәжбүрлеу үшін экономикалық қысымды күшейтуі керек.
Путин келісімге келгенге дейін алдын ала зерттеулерді талап ету арқылы уақыт созуға тырысады, бірақ бейбітшілік үшін бос сөздер мен мағынасыз шарттар емес, нақты әрекет қажет, – деп қорытындылады Стармер.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Дональд Трамп Владимир Путинмен телефон арқылы «сәтті келіссөздер» жүргізгенін айтқан. АҚШ президенті ресейлік әріптесінен Курск облысындағы украин әскерінің өмірін сақтауды сұрағанын жеткізді.