Дональд Трамп әкімшілігі әлемнің 43 елінің азаматтарына АҚШ-қа кіруге шектеу енгізуді қарастырып жатыр. Бұл АҚШ президенті қаңтарда қайта сайланғаннан кейін қолға алған қатаң иммиграциялық саясаттың жалғасы болып саналады, деп хабарлайды Ulysmedia.
ТОЛЫҒЫРАҚ
The New York Times газетінің хабарлауынша, дайындалған меморандумда елдер үш топқа бөлінген.
“Қызыл тізімге” 11 мемлекет кіреді: Ауғанстан, Бутан, Куба, Иран, Ливия, Солтүстік Корея, Сомали, Судан, Сирия, Венесуэла және Йемен. Бұл елдердің азаматтарына АҚШ-қа кіруге толық тыйым салу ұсынылған.
“Тоқсары тізімге” ішінара шектеулер қабылданатын 10 мемлекет енгізіліп отыр. Бұл елдердің азаматтары үшін иммиграциялық және туристік визалар қол жетімді болмайды, бірақ іскерлік визамен кіруге рұқсат етілуі мүмкін. Тізімде Беларусь, Эритрея, Гаити, Лаос, Мьянма, Пәкістан, Ресей, Сьерра-Леоне, Оңтүстік Судан және Түрікменстан бар.
“Сары тізімге” 22 ел кіреді. Оларға анықталған кемшіліктерді түзетуге 60 күн беріледі, егер талап орындалмаса қатаң санаттардың біріне ауыстырылуы мүмкін. Бұл тізімге Ангола, Антигуа және Барбуда, Бенин, Буркина-Фасо, Камбоджа, Камерун, Кабо-Верде, Чад, Конго Республикасы, Конго Демократиялық Республикасы, Доминика, Экваторлық Гвинея, Гамбия, Либерия, Малави, Мали, Мавритания, Сент-Китс және Невис, Сент-Люсия, Сан-Томе мен Принсипи, Вануату және Зимбабве енгізілген.
Аты-жөнін атағысы келмеген америкалық шенеуніктің айтуынша, елдердің тізімі өзгеруі мүмкін және соңғы шешім әлі қабылданған жоқ. Мәселені Трамп әкімшілігі, оның ішінде мемлекеттік хатшы Марко Рубио қарастырып жатыр.
ЗАҢСЫЗ МИГРАНТТАРҒА ҚАРСЫ АУҚЫМДЫ ОПЕРАЦИЯ
Естеріңізге сала кетейік, биыл қаңтарда Дональд Трамп әкімшілігі АҚШ тарихындағы ең ірі заңсыз мигранттарды депортациялау операциясын жүргізуге және бұл үшін алғаш рет әскери ұшақтарды тартуға ниетті екендігін мәлім еткен.
Дональд Трамп командасының иммиграция және мемлекеттік шекараны қорғау жөніндегі кураторы Томас Хоманның айтуынша, АҚШ-та 11 миллионға жуық шетелдік заңды негізсіз өмір сүріп жатыр. BBC News-ке берген сұхбатында ол жаңа басшылық кезінде АҚШ-тағы көші-қон қызметтері заңсыз иммигранттардың кез келгенін тұтқындауы мүмкін екенін, сондай-ақ бұрын ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретіндерді іздеуге басымдық берілгенін айтты.
Ақпан айында Азия елдерінен келген мигранттар тобы АҚШ-тан жер аударылып, Коста-Рикаға жеткізілгенін бұған дейін жазғанбыз.