Қырғызстанның Ыстықкөл курорттық аймағында полиэтилен және пластик заттар пайдаланғаны үшін енді айыппұл салынады. Бұл жаңашылдық жергілікті тұрғындарға ғана емес, әлемнің әр түкпірінен демалуға келетін туристерге де қатысты, деп хабарлайды Ulysmedia 24.kg-ке сілтеме жасап.
ЖАҢАШЫЛДЫҚ
Қырғызстанда полиэтилен пакеттерін пайдалануға және сатуға тыйым салу 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген. Бірақ бүгінге дейін бұл заң аясында ешкім жауапқа тартылмаған. Енді Қырғызстан билігі Ыстықкөл демалыс аймағын қорғауды мықтап қолға алғанға ұқсайды. Биылғы 1 наурызда қол қойған жобаға сәйкес заңды бұзғандарға 10 мың сомға (58 мың теңгеге жуық) дейін айппұл салу қарастырылған. Бұл туралы «Биринчи радиосы» эфирінде Қырғызстанның Табиғи ресурстар, экология және техникалық қадағалау министрлігі құқықтық қамтамасыз ету бөлімінің маманы Рустам Чикеев хабарлады.
Құқық бұзушылық туралы кодексте 213-бап, 2-ескертпе бар. Ол «Ыстықкөл курорттық-рекреациялық аймағының, парк-жағажай аймағының және Ыстықкөл көлінің жағалауының аумағында полимерлі пленкадан және пластик бұйымдардың барлық түрлерінен жасалған пакеттерді сатуға және пайдалануға тыйым салу мен шектеулерді бұзуды» қамтиды. Біз бұған дейін азаматтарға немесе заңды тұлғаларға айыппұл сала алмадық. Бірақ бөлшек және көтерме сауда орындары қазірден бастап хабарламалар алып жатыр, - деді ол.
АЙППҰЛ МӨЛШЕРІ ҚАНША
Заңды бірінші рет бұзған адамға ескерту жасалады. Ал екінші рет бұзған жеке тұлғаларға 30 есептік көрсеткіш (3 мың сом немесе 17 мың теңге), заңды тұлғаларға 100 есептік көрсеткіш (10 мың сом немесе 58 мың теңгедей) айыппұл салынады.
Заңдылықтың сақталуын қадағалаумен қай мемлекеттік орган айналысатыны әзірге белгісіз, бір анығы 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қырғызстан аумағында пластик пакеттер мен бұйымдарды пайдалануға толық тыйым салу күшіне енгізілмек. Парламентте қолданыстағы заңды қайта қарау мүмкіндігі талқыланады.