15 жастағы қызды тұрмысқа берген: полиция қылмыстық іс қозғады

Сырым Қаржас

Қарағанды облысының полиция департаменті 15 жастағы қызға қатысты жасалған қылмыс бойынша іс қозғалды, деп хабарлайды Ulysmedia.

Freepik

ТОЛЫҒЫРАҚ

Кәмелетке толмай тұрмысқа күштеп берілген және зорлық-зомбылық көрген қыз баланың басындағы тауқыметті Немолчи қоры жария етті. Қордың таратқан ақпаратына сүйенсек, өгей әке 15 жасар қызын 38 жастағы танысына тұрмысқа берген. Ал ол қызға бес күн бойы зорлық көрсеткен.

«Не молчи» қорының негізін қалаушы Дина Смаилованың айтуынша, бұл жаға ұстатарлық жағдай Қарағанды облысының Абай қаласында болған.

 Қыздың ағасы бізге хабарласты. Бес күн көрген қорлықтан кейін қыз қашып шығып, туған әкесіне келген. Әкесінің жүрегі ауырады. ОЛар бірден арыз жазды. Әдеттегідей өтінішті қабылдамай, сараптамаға жібермей уақытты созған. Іске біз араласқаннан кейін ювеналды полиция қызды Қарағандыға медициналық тексеруге жіберді. Бірақ бірге барған тергеуші құжатты дұрыс ресімдемей, тексеруден өте алмай қайтты. – деп жазды “Не молчи” басшысы.  

Смаилованың айтуынша, біреулер әкесінің үйін торуылдап, қорқытуға тырысқан көрінеді.

Полиция бұл қылмысқа қатысы бар адамдардың бәрі анықталып, жауап алынғанын айтты.

Осы қылмысқа қатысы бар барлық адам анықталып, олардан жауап алынды. Тергеу аясында болған оқиғаның мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті сот сараптамалары тағайындалды. Кылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына, сондай-ақ тергеу амалдарының жүргізілуіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді, - деді Қарағанды облысы ПД-ның баспасөз қызметі.