«Өлгім келмейді...»: Ресейге соғысқа кеткен қазақстандықтың әңгімесі

Ілияс Бақыт

Қазақстаннан Украинаға қарсы соғысқа аттанған сапёр Петр Мирошниченко уәде етілген Ресей азаматтығын ала алмағанына шағымданды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ашық дереккөзден

МИГРАЦИЯЛЫҚ ҚҰЖАТТАРДЫҢ МЕРЗІМІ ӨТІП КЕТТІ

"Новая газета" басылымының мәліметінше, соғыста жүрген кезінде Мирошниченконың миграциялық картасының мерзімі аяқталған, сондықтан оны Ресейден Қазақстанға депортациялау қаупі төнген. Алайда, Қазақстанда шетелдік мемлекет жағында әскери қимылдарға қатысу қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Мирошниченко Путинге бейнеүндеу жазып, Ресей өз уәдесін орындамағанын және оған енді жалдамалы әскери қызметі үшін қылмыстық іс қозғалатынын айтты. Тек осы видео жарияланғаннан кейін ғана ресейлік билік бұрынғы әскери қызметшіге азаматтық беру мәселесін қарастыра бастаған.

МИРОШНИЧЕНКО МӘЛІМДЕМЕСІ

Өз сұхбатында Мирошниченко соғысқа не үшін кеткенін түсіндіруге тырысты.

"Бізде бұл туралы көп айтылмайды, бірақ адамдар барады. Бір-екі адамнан кетіп жатады. Бірақ кім не істеп жүргенін ашық айтпайды. Менің сыныптасым 2023 жылы "Вагнерге" жазылды. Оларда келісімшартта ақпаратты жарияламау туралы талап бар еді. Бұл тек қызмет етушілерге ғана емес, бүкіл отбасы мүшелеріне де қатысты. Егер құпия ашылса, компания барлық міндеттемелерден бас тартатынын нақты айтқан... Ол кезде мен бара алмадым — анам ауырып қалды. Кейін Түменге барып, кен орнында жұмыс істеп, ақша тауып, отбасымды қамтамасыз етемін деп ойладым. Бірақ кейін түсіндім: егер мен соғыс кезінде қаза тапсам, менің отбасым азаматтық алады” – дейді Мирошниченко.

Және “балаларыма да қамқорлық жасайды” дейді. 

“Мемлекет балаларыма қамқорлық жасайды. Оларға баспана да, білім де, өмірде орын табуға көмек те болады. Әзірге өлгім келмейді, бірақ өмірде бәрі болуы мүмкін. Әкемнің арқасында қолымнан темірмен жұмыс істеу келеді. Біз бұл туралы командирмен сөйлескенде, ол менің қабілеттерімнің қажет болатынын айтты. Ол жерде менің мамандығым бойынша қолданылуым мүмкін еді. Ол жақта мені күтіп отырған адамдар да бар.."- деді Мирошниченко.

ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРҒА ҚАТЫСТЫ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТЕР

Басылымның деректері бойынша, соғыс басталғалы 2024 жылдың қазан айына дейін Қазақстанда шетелдік әскери қақтығыстарға қатысқан қазақстандықтарға қатысты 46 қылмыстық іс және жалдамалы әскери қызмет бойынша 7 іс қозғалған. Ресейдің "СВО"-ға қатысқан қазақстандықтарға қанша азаматтық бергені белгісіз.