Белгілі журналист Диас Нұрақын желідегі парақшасында жаңа жыл мен наурызды тойлау үшін бөлінген қаражаттарды салыстырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ЖАҢА ЖЫЛҒА МИЛЛИОНДАР, НАУРЫЗҒА ТИЫН-ТЕБЕН
Жыл сайын желтоқсанның соңында еліміздегі әкімдіктер мерекелік безендіруге қыруар қаржы шашатынына көз үйреніп кеткендей. Журналист Диас Нұрақын жазбасында соның бірнеше мысалын келтіреді.
“Былтыр жаңа жылды тойлауға Астана қаласы 836 млн теңге бөліпті. Алматылық салық төлеушілердің 800 млн теңгесі қаланы безендіруге, жылтырақтар мен ертегі кейіпкерлерінің мүсінін орнатуға жұмсалған. Шымкент әкімдігі шырша құру, отшашу деп 80 миллион теңгені шашып жіберген. Өзге облыстар да жаңажылдық той-томалаққа қыруар қаржы бөлді” – дейді журналист.
НАУРЫЗДЫҢ ЖАЙЫ ҚАЛАЙ?
Ал қазақтың төл мерекесі наурыз ше?
“Қазақша жыл басы саналатын Наурыз мейрамына бюджеттен бір тиын бөлінбеген. Тек 2024 жылы Алматы әкімдігі мерекелік шараларға байланысты баннерлер жасауға және орналастыруға деп 71 млн теңгеге тендер жариялаған. Тіпті Қаржы министрі Мәди Тәкиевтің өзі Наурызды тойлауға республикалық бюджеттен бір тиын қарастырылмаған депті былтыр”- дейді Диас Нұрақын.
НАУРЫЗНАМА НЕ БОЛЫП ЖАТЫР?
Негізі үкіметтің бекіткен “Наурызнама” онкүндігі бар. Журналистің сөзінше бұл да көзбояушылық.
“Мәселен, бүгін бюджетниктер мен мем. қызметкерлер жаппай оюлы шапандарын жамылып алыпты. Әр мекемеме ұлттық киіммен ролик түсіріп, әлем желіге таратсын деген тапсырма да болған сияқты. Сондықтан Алматының Барахолкасындағы "қырғыз рядта" қырғын сауда болып жатыр бүгін. Ал, ертеңнен бастап еуропалық үлгімен Қытайда тігілген шүберектерімізді киіп аламыз қайтадан. Көзбояушылық әйтеуір...”- дейді журналист.
БҰҒАН ДЕЙІН
Молшылықтың, бірліктің, жаңа жылдың басталуын білдіретін қасиетті ас ретінде саналатын наурыз көжені дайындау тәсілін ұсынған едік.