Қызылқоға ауданындағы өзенде су деңгейі көтеріліп жатыр

Сымбат Сатыбалдина

Атырау облысындағы Қызылқоға ауданындағы өзенде су деңгейі көтеріліп жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: Ақ жайық

ҚАЗІРГІ ЖАҒДАЙ

“Ақ жайық” мәліметінше, ауданда су тасқынының алдын алу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. 

Аудан арқылы Ойыл өзені, сонымен қатар Сағыз және Ноғайты шағын өзендері ағып өтеді. «Қазгидромет» болжамы бойынша, ол жерде су басу қаупі жоғары.

– Қазіргі таңда Ойыл, Сағыз өзендерінде өзгеріс жоқ, су деңгейі тұрақты, тасқын суы әлі келген жоқ. Алайда еріген қар салдарынан Ноғайты өзеніндегі су деңгейі  15 наурыздан бастап көтеріліп жатыр. Су деңгейі 40 см-ге жетті, ол 2,5 метрге дейін жетуі мүмкін, деді аудан әкімі Қанат Әзмұханов.

АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫ

Еске салайық, 18 наурызда Ақтөбе облысындағы айналма жолда су тасып жатқанын хабарлаған едік. 

18 наурызда таңғы 07:00 шамасында "Қандыағаш - Ембі - Шалқар - Ырғыз" республикалық автожолының 92 шақырымындағы Жем көпірі маңындағы айналма жолда су тасқыны тіркелді. Тасқынның ұзындығы 100 метр, ал биіктігі 50 см болды.