Доналд Трамп Украина президенті Владимир Зеленскиймен арасындағы әңгіме не туралы болғанын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ ДОНАЛЬД ТРАМПТЫҢ МӘЛІМДЕМЕСІ
АҚШ президенті Дональд Трамп Украина президенті Владимир Зеленскиймен "өте жақсы телефон арқылы сөйлескенін" хабарлады. Әңгіме шамамен бір сағатқа созылған.
ТРАМП ПЕН ПУТИН АРАСЫНДАҒЫ ӘҢГІМЕ
Трамптың айтуынша, талқылаудың басым бөлігі Ресей президенті Владимир Путинмен кеше болған телефон арқылы сөйлесудің негізінде өрбіген. Бұл әңгіменің мақсаты Ресей мен Украинаның сұраныстары мен қажеттіліктерін үйлестіру болған.
РЕСМИ МӘЛІМДЕМЕ ЖАРИЯЛАНБАҚ
"Біз жоспарланған жолмен алға жылжып келеміз. Мен мемлекеттік хатшы Марко Рубио мен ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесші Майкл Уолтцтан талқыланған мәселелерге нақты сипаттама беруін сұраймын. Бұл мәлімдеме жақын арада жарияланады", – деп жазды Трамп әлеуметтік желіде.
БҰҒАН ДЕЙІН
18 наурыз, сейсенбі күні, АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей президенті Владимир Путин телефон арқылы сөйлескен еді.
Әңгіме екі жарым сағатқа созылды. Бұл туралы Ақ үй басшысының көмекшісі және аппарат басшысының орынбасары Дэн Скавино хабарлады.
"Қазіргі уақытта - президент Трамп Овальды кабинетте отырып, Ресей президенті Владимир Путинмен шығыс уақыты бойынша таңғы 10:00-ден (Астана уақытымен 19:00) бастап сөйлесіп жатыр. Қоңырау жақсы өтуде және әлі де жалғасуда", - деп жазды ол Х әлеуметтік желісіндегі парақшасында.
CNN телеарнасы ресейлік дереккөзге сілтеме жасай отырып, Путин мен Трамптың телефон әңгімесі "өте жақсы" өткенін хабарлады.