АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігі соғыс кезінде Ресейге мәжбүрлі түрде әкетілген украин балаларының ізін бақылаған бағдарламаны жапты. Жиналған деректер мәңгіге жоғалып кетуі мүмкін.Бұл туралы Reuters және The Washington Post басылымдары жазды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
БАҒДАРЛАМАНЫ ЖАБУ ЖӘНЕ ДЕРЕКТЕРДІ ЖОҒАЛТУ ҚАУПІ
АҚШ-тың Дональд Трамп басқарған әкімшілігі Ресейге мәжбүрлі түрде әкетілген украин балаларының ізіне түсу және оларды іздеу мақсатында жұмыс істеген бағдарламаны тоқтатты. Бұл шешім Украинадан ұрланған 30 мыңға жуық баланың спутниктік суреттері мен биометриялық деректерін қоса алғанда, үлкен көлемдегі ақпаратқа қол жеткізу мүмкіндігін жоғалтумен тең.
ДЕРЕКТЕР МӘҢГІ ЖОҒАЛУЫ МҮМКІН
"Деректер қоры мәңгілікке жойылғанына негіз бар. Егер бұл расталса, оның салдары ауыр болады", — деп жазады агенттік Огайо өкілі Грег Ландсман бастаған демократ заң шығарушылардың АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио мен Қаржы министрі Скотт Бессентке жолдаған хатына сілтеме жасап.
The Washington Post басылымының хабарлауынша, Йель университетінің Гуманитарлық зерттеулер зертханасы (Yale HRL) жетекшілік еткен бұл бастама тоқтатылып, бағдарламаның қызметкерлеріне ақпан айында АҚШ Мемлекеттік департаменті келісімшарттарының жойылғаны туралы хабар берілген.
26 МИЛЛИОН ДОЛЛАР ЖҰМСАЛҒАН
Reuters агенттігіне сұхбат берген бағдарламамен таныс дереккөздің айтуынша, АҚШ әкімшілігінің бұл шешімі Ресейге әкетілген украин балаларына қатысты әскери қылмыстардың дәлелдерін жоюға әкеп соқты. Бұл дәлелдерді жинауға 26 миллион доллар жұмсалған.
"Олар АҚШ салық төлеушілерінің есебінен жиналған әскери қылмыстар туралы деректерді, соның ішінде барлық балаларға арналған досьені жойып жіберді", — дейді агенттік сұхбат берушісі.
Мәліметтер базасының тұтастығына кепілдік жоқ, тіпті бағдарламаны қаржыландыру қайта жанданған жағдайда да, деп атап өтеді The Washington Post. Бұл мәселеге қатысты АҚШ Мемлекеттік департаменті мен Қаржы министрлігі Reuters-тің сұранысына жауап бермеген.