Қазақстанның цифрлық даму министрлігінде ресейлік "Сирена-Трэвел" компаниясының кінәсінен Қазақстан азаматтарының деректерінің таралуына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Руслан Әбдіхалықов брифиңде журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, өткен аптада министрлік Ресейдің байланысты қадағалау жөніндегі федералдық қызметінен (Роскомнадзор) ресми жауап алғанын мәлімдеді.
Мәлімдемеге сәйкес, "Сирена-Трэвел" компаниясы жеке деректердің таралуы үшін жазаға тартылған. Алайда нақты қандай шара қолданылғаны туралы Роскомнадзор ақпарат бермеген.
Біз өткен аптада Роскомнадзордан ресми жауап алдық. Олар компанияның Ресей заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылғанын хабарлады, – деді ол.
Руслан Әбдіхалықовтың айтуынша, қазіргі уақытта жеке деректердің таралуына байланысты өтемақы қарастырылған құқықтық норма Ресейде де, Қазақстанда да жоқ.
Біз бұл норманы енгізуді енді ғана жоспарлап отырмыз. Қазір азаматтар үшін жалғыз мүмкіндік – Ресейде сотқа жүгініп, компанияның кінәсін және келтірілген залалды дәлелдеу, – деп нақтылады ол.
Еске сала кетейік, 2024 жылдың желтоқсан айының басында Air Astana, SCAT, Qazaq Air және Bek Air авиакомпанияларының 700 мың рейсі туралы деректер, сондай-ақ ресейлік әуе тасымалдаушылар арқылы қазақстандықтардың халықаралық сапарлары туралы ақпарат ашық қолжетімділікке шыққан еді.
Зардап шеккендердің қатарында танымал саясаткерлер, кәсіпкерлер және шоу-бизнес өкілдері бар. Олардың ішінде мәжіліс депутаттары Альберт Рау, Айдос Сарым, Мұрат Әбенов және Жигули Дайрабаев, сондай-ақ сенатор Бибігүл Жексенбай, блогер Алексей Лодочников және басқа да белгілі қазақстандықтар бар. Бұл оқиғаға ресейлік "Сирена-Трэвел" әуе билеттерін брондау жүйесі кінәлі деп танылды.