Сенатор Бибигүл Жексенбай өзінің депутаттық сауалында қазақ тазысын сақтау және қорғау мәселесін көтерді. Оның айтуынша, тұқымның шетелге бақылаусыз шығарылуын болдырмау, оның генофондын қорғау және басқа ит тұқымдарымен будандастыруға жол бермеу үшін шұғыл шаралар қажет, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Сенатор көптеген елдерде ұлттық тұқымдар мемлекеттік қорғауда екенін атап өтті. Жапонияда, Түркияда және Түрікменстанда акита-ину, қанғал және алабай экспортына шектеулер бар, бұл шаралар олардың тазалығын сақтауға мүмкіндік береді. Қазақстан да осындай қорғау тетіктерін енгізуге тиіс.
«Қазақ тазысы – халықаралық тізімге енген, қазақ даласында мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан иттердің ерекше тұқымы. Бұл мәдени мұрамыз ғана емес, сонымен бірге ұлттық ерекшеліктің маңызды бөлігі. Бүгінгі күні олардың басқа тұқымдармен будандастыру мен бақылаусыз шетелге әкетілуіне байланысты таза тұқымды тазыны жоғалту қаупі бар. Оған жол бермеу үшін Қазақстан қатаң шаралар қарастырып, тазыны экспорттауға тыйым салу, тек мемлекеттік органдардан арнайы рұқсат алуын міндеттеу керек. Бұдан басқа, тұқымды өсіру мен тіркеуге бақылауды күшейту қажет. Әлемдік деңгейде қазақ Тазысын бренд ретінде насихаттау бағытында дәстүрлі Қансонар халықаралық фестивалін өткізіп тұру, Мұхтар Мағауиннің «Тазының өлімі» шығармасы негізінде көркем фильм түсіруді қарастырған жөн», - деп атап өтті Бибигүл Жексенбай.
Сенатор сондай-ақ Тазы мен Тобет күнін мерекелеу күнін қайта қарауды ұсынды. Оның пікірінше, қыркүйектен қарашаның бірінші аптасына, аңшылық маусымының дәстүрлі басталу кезеңінде көшіру мерекенің мәдени маңыздылығын күшейтуге және оның тарихи дәстүрлермен байланысын нығайтуға мүмкіндік береді.