Қамауға алынған Ыстамбұл мэрін қолдау мақсатында өткен митингке шамамен 300 мың адам жиналды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Кеше, 21 наурыз күні кешке Ыстамбұлда соңғы онжылдықтағы ең үлкен наразылық акциясы өтті. Көшеге шыққан нөпір халық Ыстамбұл мэрі Экрем Имамоғлының сыбайлас жемқорлық әрекетке барды және террористік топтарға көмек көрсетті деген айыппен қамауға алынуына наразылық білдірді. Имамоғлымен бірге жүзден астам адам, оның ішінде саясаткерлер, журналистер мен кәсіпкерлер қамауға алынған-ды.
РИА Новостидің ақпаратына сүйенсек, Түркияның ең ірі оппозициялық Республикалық халықтық партиясының (РХП) жетекшісі Озгюр Озель Ыстамбұлдағы шеруге 300 мың адам жиналғанын айтты.
Қолда бар ақпарат бойынша, барлық кедергілер мен тосқауылдарға қарамастан бүгін біз осында жиылдық, біз 300 мың адамбыз. Мен құқық қорғау органдарын, қала билігін көзді ашытатын бұрыш шашқыг пайдаланбауға шақырамын. Ешкім зардап шекпеуі керек, - деді ол митингте сөйлеген сөзінде.
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған наразылық акциясына қатысушыларды айыптады. Ол үкімет «вандализмге» немесе «көше терроризміне» көнбейді және қоғамдық тәртіпті бұзуға жол бермейді деп мәлімдеді.
ИМАМОҒЛУ ІСІ
Ыстамбұл мэрі Экрем Имамоғлы биыл 19 наурызда ұсталды. Оған сыбайлас жемқорлыққа, парақорлыққа барды, пара беру арқылы сатып алуды ұйымдастырды, террористік топтарға көмек көрсетті деген айып тағылып отыр. Ал саясаткер өзіне тағылған айыппен келіспейтінін және биліктің қысымына көнбейтінін мәлімдеді. Одан жауап алу процесі шамамен үш сағатқа созылды.
Айта кетейік, Ыстамбұл мэрі алдағы сайлауда РХП атынан президенттікке кандидат ретінде ұсынылғанға дейін бірнеше күн бұрын ұсталған.
ЖАЛҒАН ДИПЛОМ
Бұған қоса Ыстамбұл университеті Имамоглыға берілген дипломның күшін жою туралы шешім қабылдады. Елдің бас прокуратурасы Имамоғлының Солтүстік Кипрдегі университеттен Ыстамбұлға ауысуы кезінде бұзушылықтарға жол берілуі мүмкін деп есептейді. Өйткені Түркия ол кезде аралдағы оқу орнын ресми түрде мойындамаған. Имамоғлының өзі бұл туралы куәлік берді. Егер диплом жарамсыз деп танылса Ыстамбұл мэрінің президенттікке түсуі қиындайды. Себебі Түркия Конституциясы бойынша жоғары білімі бар адамдар ғана жоғары мемлекеттік лауазымға үміткер бола алады.
Әзірге Имамоғлы президенттік бәсекеде Ердоғанның басты қарсыласы ретінде саналады.