Наурыз айында Қазақстанда мұнай өндіру көрсеткіші рекордтық деңгейге жетіп, белгіленген ОПЕК+ квоталарынан асып түсті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
«Курсив» пен Reuters мәліметтері бойынша, кейінгі айларда Қазақстан ОПЕК+ квоталарынан бірнеше рет асқан және Альянс басшылары – Сауд Арабиясы мен Ресейдің талабы бойынша өндірісті азайтуға уәде берген. Алайда Қазақстанға Chevron және ExxonMobil сияқты америкалық мұнай алпауыттарын мұнай өндіру көлемін азайтуға көндіру қиынға соғып отыр, өйткені аталған компаниялар өз жобаларын кеңейтуге ондаған миллиард доллар инвестиция салған.
1-16 наурыз аралығында Қазақстанда мұнай мен газ конденсатын өндіру көлемі 4,6 млн метрикалық тонна немесе тәулігіне 2,16 млн баррель (б/с) болды. Ақпан айында орташа тәуліктік өндіріс 2,12 миллион б/с болған.
ОПЕК+ квотасы конденсат өндірісін шектемейді, бірақ Қазақстанда шикі мұнай өндіру көлемі 1,468 млн б/с деңгейінде белгіленуге тиіс. Reuters-тің есебінше, осы деректерді негізге алар болса Қазақстан наурыздың бірінші жартысында орта есеппен 1,86 млн б/с мұнай өндірді, бұл ОПЕК квотасынан 400 000 б/с артық+, - деп жазады басылым.
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖАНЖАЛҒА ҰЛАСУЫ МҮМКІН
Бұған дейін біз Қазақстан Энергетика министрлігі басшылығының ОПЕК+ мәмілесін орындау шеңберіндегі іс-әрекеті елді халықаралық жанжалға әкеп соқтыруы мүмкін екенін жазғанбыз.
Ulysmedia анықтағандай, ведомствоның ел аумағында ірі халықаралық компаниялар өндіріп жатқан «қара алтын» көлемін азайту туралы уәдесі әзірге бос сөз ғана болып тұр.
ОПЕК+ квоталарын сақтау туралы қызу талқылаудан кейін 18 наурызда Қазақстанның энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев өз қызметінен кетті. Ulysmedia ведомствоның жаңа басшысы Ерлан Ақкенженовтің мықты және әлсіз тұстары туралы талдау материал жариялаған.