“Крокустегі” теракт: тергеу аяқталды, 19 күдікті анықталды

Сырым Қаржас

Мәскеудің «Крокус Сити Холл» концерт залында болған террористік акт бойынша жүргізілген тергеу амалдары аяқталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж Ulysmedia

ТОЛЫҒЫРАҚ

Бұл туралы Ресей тергеу комитетінің ресми өкілі Светлана Петренко мәлім етті. Оның айтуынша, қазір аталған іске қатысы болуы мүмкін 19 күдікті анықталған. Олар материалдарымен танысқаннан кейін іс сотқа жолданады.   

ДӘЙЕКСӨЗ

- Ресей тергеу комитетінің бас тергеу басқармасы «Крокустегі» террорлық шабуылға қатысты қылмысық іс аясында Ресейдің ФҚҚ және ІІМ бөлімшелерімен өзара іс-қимыл бойынша кешенді жұмыс жүргізді. Қысқа мерзімде лаңкестік әрекетке барғандар, сол сияқты басқа да қатысушылар анықталып, ұсталды. Қазір қамауда отырған және іс материалдарымен танысып жатқан террористік сипаттағы қылмыстар жасады деп айыпталған 19 күдіктіні тергеу аяқталды. Тағы бірнеше қатысушыға іздеу жарияланды, - деді Петренко «РИА Новостиге».

Оның айтуынша, жиналған дәлелдер күдіктілердің қылмысқа қатысы бар екенін растайды. Іс материалдарымен танысу аяқталғаннан кейін олар сот алдында жауап береді.

«КРОКУСТЕГІ» ҚАНДЫ-ҚАСАП

2024 жылдың 22 наурызында қарулы топ Мәскеу маңындағы «Крокус Сити Холл» ғимаратына кіріп, бейбіт тұрғындарға оқ жаудырған. Кейін ғимаратты өртеп жіберген. Бұл террорлық шабуыл үшін жауапкершілікті «Вилаят Хорасан» (Қазақстанда тыйым салынған ұйым) деп аталатын ДАИШ-тың бөлімшесі мойнына алған.

24 наурызда «Крокус Сити Холлдағы» лаңкестік шабуылға қатысы бар делінген төрт күдікті тұтқындады. Олар: Далерджон Мирзоев, Саидакрам Рачабализод, Мухаммадсобир Файзов және Шамсиддин Фаридун.

25 наурызда Мәскеудегі сот қылмыстық істің тағы үш қатысушысын — ағайынды Диловар және Аминчон Исломовтарды, сондай-ақ олардың әкесі Исройлды тұтқындады.

26 наурызда 32 жастағы Қырғызстан тумасы Әлішер Қасымов 22 мамырға дейін екі ай мерзімге қамауға алынды. Ол террористік актіні орындауы мүмкін адамдардың біріне пәтер берді деген күдікке ілінді.

Кейін тағы бір күдікті ұсталды. Ресей тергеу комитетінің мәліметтері бойынша, ол «террористерді қаржыландыру схемасына қатысқан».

Сондай-ақ ведомство хабарламасында «ұсталған лаікестермен жүргізілген жұмыс нәтижесінде олардың украин ұлтшылдарымен байланысы туралы дәлелдер табылды» делінген.