Ат мөңкіп, түйе тулады: Наурызда жануарлар неге оқыс мінез танытты

Сырым Қаржас

Наурыз мейрамын тойлау кезінде Қазақстанның бірнеше қаласында үй жануарлардың оғаш мінез танытып, жұртты дүрліктірген оқыс жағдайлар болғанын хабарлайды Ulysmedia.kz.

Видеодан алынған кадр

БАЛАЛАРДЫ ТАПТАП КЕТТІ

22 наурызда Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданының Қызылшаруа ауылында өтіп жатқан Наурыз мейрамы кезінде тетрландырылған көрініске шыққан жылқы аяқ астынан мөңкіп, үстіндегі адамды жығып кете жаздады. Ол аздай бас бермей тулаған жануар жиылған көпшіліктің ортасына кіріп, адамдарды таптап кетті. Олардың ішінде қариялар мен балалар бар. Концерт дереу тоқтатылып, жедел жәрдем шақырылған.

Тұрар Рысқұлов аудандық әкімдігі бұл оқиғаның болғанын растады.

Жылқы үркіп кетіп, көрермендер отырған жаққа қарай мөңки жөнелді. Зардап шеккендер жоқ, концерт ары қарай жалғастырылды, – деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.

Жамбыл облыстық полиция департаменті жылқының иесі анықталғанын және ол әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын мәлім етті.

ТҮЙЕНІҢ «ҚОЙЫЛЫМЫ»

Балқаш қаласында да дәл осындай оқыс оқиға болды. Мәдениет сарайының жанындағы алаңда наурызды тойлау кезінде арбаға жегілген түйе жетекке жүрмей, тулай жөнелді. Тоқтатуға тырысқан иесін түйе таптап, арба басып кетті. Жануар мұнымен тоқтамай арбаны сүйретіп адамдарға қарай жүгірді. Кейін жергілікті полиция бұл оқиғаға байланысты жауап берді.

Түйегің иесі – Балқаш қаласының тұрғыны ауыл шаруашылығы жануарларын бағу ережелерін және абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, — деп хабарлады қалалық полиция бөлімі.

Қала әкімдігі түйе иесінің қолында тиісті рұқсат құжаты жоқ екенін айтты. Ауыл шаруашылығы мамандарының пікірінше, жануар жайылымға барғысы келгендіктен осындай оқыс мінез танытқан.

БӘЙГЕДЕГІ ОҚЫС ЖАҒДАЙ

Павлодар облысының Ақсу ауданында Ұлыстың ұлы күніне орай ұйымдастырылған бәйгеде сайысқа түскен сәйгүліктердің бірі үркіп, электр бағанына келіп соғылған. Соның салдарынан үстіндегі жасөспірім ауыр жарақат алып, аурухана түсті. Дәрігерлер оған шұғыл операция жасады.

2008 жылы туған бала бас ми жарақатымен облыстық балалар ауруханасына түсті. Операция жасалып, кешенді емдеу шаралары жүргізілді. Қазір баланың жағдайы тұрақты. Ол дәрігерлердің ұдайы бақылауында, қарқынды терапия жүргізіледі. Мамандар барлық қажетті медициналық көмекті көрсетіп жатыр, – деді Ақсу ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Эльмира Сапарғалиева.