Қазнетте башқұрттың Homay әні хитке айналды

Сырым Қаржас

Башқұрттың Ay Yola тобы әлеуметтік желі қолданушыларының ықыласын аударып, зор қошеметке бөленіп жатыр. Бір күнде хитқа айналған Homay әні, әсіресе қазақстандықтардың ерекше қолдауына ие болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

 

instagram/ayyola.music

ТҮБІ БІР ТҮРКІГЕ ОРТАҚ

Музыкалық туындының Homay (Хумай) деп аталуы аңыз-әпсаналарда кездесетін мифтік Хумай құсымен байланысты. Яғни, әннің төркіні башқұрт әдебиетінің жауһары саналатын “Орал батыр” эпосындағы құс әйел бейнесімен тамырлас. Башқұрт эпосында Хумай даналық пен тазалықтың, өз халқына адалдықтың символы ретінде сипатталады. Аңызға сәйкес, егер Хумай құсы адамның үстінен ұшып өтсе, оны жарқын болашақ күтіп тұр деп есептеген.

Хумайды түбі бір түркі халықтары қорғаныс пен күштің әйел құдайы Ұмаймен де байланыстырады.  

ЖЕЛІНІ «ЖАРДЫ»

Осындай терең тарих пен мәдениетті бойына жиған әннің әуені де ерекше, тыңдарманды елітіп әкетеді. Башқұрттың ұлттық аспаптарымен сүйемелденіп, заманауи үлгіде әрленген музыканың сиқыры шынымен де «құлақтан кіріп бойды алады».

Әнді тыңдаған қазақстандық желі қолданушылары: «Түркілер, жарайсыңдар!», «Ән топ! Түркілердің ана тілінде ән шырқауы қуантады», «Енді бұл ән барлық түркілердің әнқоржынында жүреді», «Барша түркілерге ұнады!», «Қазақстан сіздермен бірге!» деген ауанда жалынды сөздерін арнап, қолдау-қошеметтерін жаудырып жатты.

 Ay Yola тобының өкілдері де аянып қалған жоқ. Өздерін жылы қабылдап, ілтипат білдірген қазақ бауырларына бейнежазба арқылы риясыз алғыс айтты. Тіпті бауырлас тыңдармандарына арнап әннің мәтіні қазақша жазылған нұсқасын шығарып, үлкен сый жасады.

Қазақстан, қолдау көрсеткендеріңізге рақмет. Бұл бейнежазбаны сіздер үшін арнайы жасадық, - деді Ay Yola тобының өкілдері.  

AY YOLA ҚАНДАЙ ТОП

Ay Yola жобасы қурай, қобыз, домбыраны синтезаторлар мен гитара рифтары сияқты заманауи үлгіде өңдеуге негізделген. Топ құрамында үш адам. Олар: Ринат Рамазанов (вокал, қурай) – “Арғымақ” тобының жетекшісі, Башқұртстанның еңбек сіңірген әртісі, Адель Шайхитдинова (вокал, гитара, домбыра) – халықаралық байқаулардың лауреаты, Руслан Шайхитдинов DJ север деген атпен танымал (саунд-продюсер, клавиштер, бас-гитара, қыл қобыз) – диджей және дыбыс режиссері.