Журналист Тимур Казьмин Шымкент-Түркістан пойызының «бюджеттік» вагонында жолаушылардың ретсіз отыруына наразы болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Жазба авторы «Қазақстан темір жолы» ҰК АҚ (ҚТЖ) еліміздің «рухани астанасына» бар болғаны 614 теңгеге жеткізетінін атап өтті. Казьмин бұл мүмкіндікті пайдаланып көруге бекінген. Бірақ артынан ол шешімі үшін өкінген.
Оның айтуынша, платформаға бір ғана вагон келген және ондағы орындарды бірінші кірген жолаушылар иемденіп үлгерген. Жолсерік журналиске «бұл пойызда электронды билеттердің ешқандай маңызы жоқ» екенін түсіндірген.
ДӘЙЕКСӨЗ
Барлық жолаушылар жолсерікке қарай жүгірді, кім үлгерді, сол отырды. Мен жүгіруге сақсындым. Орындар «кім бірінші кірді, сол алады» қағидаты бойынша бөлінетіні белгілі болды. Электронды билет? Ұмытыңыз. Жолсерік ашық айтты: ЭЖҚ-ның ешқандай маңызы жоқ, егер уақытыңыз болса, тезірек бос орын алыңыз, - деді ол.
Бұдан кейін журналист вокзал кезекшісі мен полицияның желілік бөлімінің қызметкерлерін шақырған. ҚТЖ басшылығынан тиісті қызметтік тергеу жүргізіп, жолаушыларды отырғызуды ретке келтіруді талап еткен. Бұлайша адамдарды орынға таластырып қоюға болмайтынын ескерткен.
Мәселе 600 теңгеде емес, қарапайым тәртіпте, жолаушыларға деген құрметте. Менің араласуымнан кейін сең қозғалды, қандай да бір тәртіп орнай бастады. Мен шынымен де елімізде туризм мен қызмет көрсетудің дұрыс жолға қойылғанын, дамығанын қалаймын. «Рухани астанамызға» туристер, соның ішінде шетелдіктер көптеп келсе екен деймін. Бірақ мына түрімізбен қайдағы турист, кім келеді?! деп қосты ол.
Ulysmedia тілшісі ҚТЖ-ның баспасөз қызметіне хабарласып, мән-жайды анықтауға тырысты.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Астанада «Қазақстан темір жолының» бұрынғы топ-менеджері Салмен Амринге үкім шығарылған. Ол компанияны қатаң сынға алып, миллиардтаған қаражаттың жымқырылуы мүмкін екенін айтқан.
Сондай- ақ жыл басында жолсерік пен пойыз бастығы ҚТЖ қызметкеріне шабуыл жасағаны үшін ұсталған.