Білімділердің шетелге кетуі – қауіп емес, инвестиция тартуға мүмкіндік – Әсет Абдуалиев

Сырым Қаржас

Қазақстандықтардың шетелге кетуі еліміз үшін проблема емес, керісінше дамуға мүмкіндік Мұндай пікірді CEO Silkroad Innovation Hub негізін қалаушы Әсет Абдуалиев Ulysmedia.kz сайтына берген сұхбатында айтты.

Видеодан алынған кадр

ТОЛЫҒЫРАҚ

Оның айтуынша, жаһандық тәжірибе көрсеткендей диаспоралар өз елінің экономикалық өсуіне ықпал етеді. Мәселен, Үндістан мен Израиль шетелдегі отандастарының арқасында технологиялық жағынан қуатты әрі бәсекеге қабілетті мемлекеттерге айналды.

ДӘЙЕКСӨЗ

Ертең Қазақстаннан келген қыз немесе жігіт Google компаниясының вице-президенті, миллиардтаған долларды басқаратын венчурлық инвестор немесе 100 млрд АҚШ долларын құрайтын стартаптың негізін қалаушы болса несі жаман? Мұндай адамдар біздің елге кванттық серпіліс жасауға көмектеседі.

Неліктен Үндістан технология саласында қарқынды дамып кетті? Себебі бір Кремний алқабында 2 миллион үндіс тұрады, олар өз елін қолдайтын өте білімді және кәсіби мамандар. Израильде де солай, еврейлердің көпшілігі елінен тыс жерлерде тұрады, бірақ өз отандарына көмектесуді тоқтатпайды. Латын Америкасындағы жағдай да дәл сондай – аймақтан шыққандар оны қолдауға тырысады, - дейді ол.

Әсет Абдуалиев АҚШ-та жұмыс істейтін Орталық Азиядан шыққан стартап фаундерлердің көбі жұмыс орындарын құрып, технологиялар мен тәлімгерлік қолдау көрсете отырып туған өңіріне инвестиция салатынын айтты.

Спикер атап өткендей, қазір Кремний алқабында Қазақстаннан 2-3 мыңға жуық адам тұрады және жұмыс істейді. Олардың дені жастар, жоғары білікті мамандар, көпшілігі Назарбаев университеті мен Назарбаев зияткерлік мектебін бітіргендер, сондай-ақ «Болашақ» бағдарламасының түлектері.

Шетелде жұмыс істеуден ұялудың қажеті жоқ. Керісінше мен талантты адамдардың сыртқа кетіп, адал еңбекпен табыс тауып, еліміздің атын шығарғанын қолдаймын. Шынында да, олар еліміздің амбассадорлары мен елшілері, – деп қосты ол.

АНЫҚТАМА

Әсет Абдуалиев – Гарвард және Стэнфорд магистрі, Silkroad Innovation Hub негізін қалаушы. Бұрынғы мемлекеттік қызметте істеген, ол 33 жасында бәрін жаңадан бастау үшін Қазақстаннан кетіп қалды. Қазір Орталық Азия елдерінің дарынды балаларына әлемдік технологиялар мен инвестициялар нарығына шығуға көмектеседі.