Батыс Қазақстан аумағында жақында үшінші белгісіз дрон құлап, бұл жайттар қоғамды алаңдата бастаған. Бұл қай елдің дроны екенін бүгін журналистер мәжіліс кулуарында қорғаныс министрінің орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаевтан сұрады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ЖАЗЫҚБАЕВ НЕ ДЕЙДІ
Шайх-Хасан Жазықбаев ұшқышсыз ұшатын аппараттар жайында бүкіл жауапты, құзіретті органдар тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.
Ол тергеуден қорғаныс министрлігі де тыс қалған жоқ. Біздің әуе қорғанысымыздың қарауында. Тергеу қорытындысы бойынша, егер керек болса қосымша ақпарат береміз, – деді ол.
Журналистер бұдан басқа жарытып ақпарат ала алмады. Жазықбаев “арандатудың қажеті жоқ” деп қалды.
Бөкейорда ауданында сынақ полигондары бар екенін ұмытпауымыз керек (Ресейдің полигоны). Тек жауынгерлік алаң емес, әуе кеңістігі де бар. Мүмкін ол сыртқа шығып кеткен техникалық ақау шығар. Болмаса тағы басқа. Нақты тергеу біткенше нақты айту дұрыс емес деп ойлаймын, – дейді Жазықбаев.
ЖЕДЕЛ АҚПАРАТ
18 наурыз күні сағат 17:35-те Тасқала ауданының Атамекен ауылы (Тасқала ауылынан 60 шақырым солтүстікте орналасқан) тұрғындарынан полиция бөліміне белгісіз нысан табылғаны туралы хабар түскен. Алдын ала мәлімет бойынша, бұл – құлаған пилотсыз ұшу аппараты. Нысанның ұзындығы – 300 см.
РЕСМИ ӘРЕКЕТТЕР
Оқиға орнына Тасқала аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері барды. Сонымен қатар, аудан орталығы Тасқала ауылынан аудан әкімдігі мен төтенше жағдайлар қызметкерлері де жіберілді. Бұған қоса, Орал қаласынан полиция департаментінің саперлері жол тартты.
Көршілес Ресейдің Саратов облысы аумағында украиналық пилотсыз ұшу аппараттары әскери аэродром мен жанар-жағармай қоймаларын жиі нысанаға алады.