Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Теректібұлақ ауылының тұрғыны Айсұлу есімді азамат ұлын Астанада күзетшілер сабап кеткенін айтып, әділ тергеуді талап етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
АНАСЫ НЕ ДЕЙДІ
Күршім ауданы Теректібұлақ ауылының тумасы 32 жастағы Азат Ерғалиұлы Қабикенов 2025 жылдың 16 ақпанында Астана қаласында ауыр жарақат алған. Анасының айтуынша, Манас көшесі 9А мекенжайында орналасқан “Алания” түнгі клубының алдында клубтың күзетшілері тарапынан қатыгездікпен соққыға жығылған. Соның салдарынан Азат ауыр бас ми жарақатын және көптеген дене жарақаттарын алып, қазір ауруханада 2-3 дәрежелі комада жатыр.
Тұңғыш ұлым, асыраушым Азатты Астанада түнгі клубтың алдында күзетшілер аяусыз соққыға жығып, ауыр халге жеткізді. Қазір ұлым ауруханада әлсіз, бас-ми жарақат алған. Ұлымның жағдайы өте ауыр. Ұлымды осындай жағдайға жеткізген жауыздарды заң алдында жауапқа тартса екен. Қазақ елімнен осы видеоны таратуды өтініп сұраймын. Басымызға келген ауыр жағдайды бей-жай қалдырмай, моральдық, материалдық жағынан, Ораза айында көмектессеңіздер. Алла разылығы үшін! Алла балама шипасын берсе екен, – дейді анасы Айсұлу.
Азатты толық қалпына келтіру үшін алдағы уақытта ота жасау және оңалту қажет. Отбасында анасы, өзі және кіші інісі бар. Әкелері бірнеше жыл бұрын қайтыс болған. Азат отбасының жалғыз асыраушысы еді.
Азаттың отбасы бұл оқиғаға бей-жай қарамайтын барлық жандардан ақпаратты барынша таратып, моральдық және материалдық тұрғыда көмек көрсетуді сұрайды (Инстаграм: azat_komek). Олар сондай-ақ осы жағдайға қатысы бар тұлғалардың толықтай заң алдында әділ жауапқа тартылуын қалайды.
Ulysmedia.kz тілшісі қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметінен әзірге ақпарат ала алмай отыр. ІІМ баспасөз қызметі кейін жауап берілетінін хабарлады.