Ең көбі Қытайдан келеді: Қазақстанда қанша шетелдік мигрант жұмыс істейді

Сырым Қаржас

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Қазақстанда шетелден қанша жұмысшы келіп, еңбек етіп жүргені жайлы ақпарат таратты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Тенгриньюс

РЕСМИ ЕСЕПТЕН МӘЛІМЕТ

2025 жылы 1 наурыздағы жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен Қазақстан аумағында 13 584 шетел азаматы еңбек етеді.

ҚАНДАЙ АЗАМАТТАРҒА РҰҚСАТ ЕТІЛЕДІ

Шетел жұмыс күшін тартуға рұқсаттардың арасында мынадай санаттар бар: басшылар мен олардың орынбасарлары үшін 569 рұқсат (бірінші санат), құрылымдық бөлімшелердің басшылары үшін 2 514 рұқсат (екінші санат). Тартылған ШЖК негізгі бөлігі үшінші (мамандар) және төртінші (білікті жұмысшылар) санаттарға жатады – тиісінше олар 4 711 және 1 010 адам. Сондай-ақ маусымдық жұмыстарға 1 217 адам, ал корпоративтік ауыстыру аясында 3 563 адам тартылған.

Қазір Қазақстанда ШЖК пайдаланатын 1 744 жұмыс беруші бар. Оларда 377,6 мыңнан астам Қазақстан азаматы жұмыс істейді, бұл қызметкерлердің жалпы санының 96,5%-ы, – делінген министрліктің хабарламасында.

ҚАЙ САЛАДА ЕҢБЕК ЕТЕДІ

Экономикалық қызмет түрлері бойынша ең көп жұмыс істейтіндер құрылыс саласында – 5 052 адам, ауыл, орман және балық шаруашылығы – 1 296 адам, өңдеу өнеркәсібі – 1 281 адам, тау – кен өнеркәсібі және карьерлерді қазу – 1 263 адам, әкімшілік және көмекші қызметтер – 975 адам.

Еңбек мигранттары келетін негізгі елдер: Қытай – 4 945 адам, Үндістан – 1 169 адам, Түркия – 1 165 адам, Өзбекстан – 1 056 адам.

Ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын республикаға шетел мамандарын тартуға квота белгілейді, оны бөледі. 2025 жылы жалпы квота республикадағы жұмыс күшінің санына қатысты 0,2%, 14,8 мың бірлік мөлшерінде белгіленген.