Қазақстан демократия индексі жағынан Қырғызстаннан қалып қойды

Сырым Қаржас

The Economist басылымының сарапшылары 2024 жылғы демократия индексін жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: e-history.kz

Ranking.kz мәліметінше, демократиялық елдердің көшін негізінен Еуропа мемлекеттері бастап тұр. Бірінші орында 9,81 балл жинаған Норвегия орналасқан. Одан кейін 9,61 балл көрсеткішімен Жаңа Зеландия келеді. Ал алғашқы ондықтың қалған бөлігін толығымен Еуропа елдері құрайды: Швеция, Исландия, Швейцария, Финляндия, Дания, Ирландия, Нидерланды және Люксембург.

Ең төменгі демократия индексі Ауғанстанға тиесілі – небәрі 0,25 балл. Одан кейін Мьянма (0,96 балл) және Солтүстік Корея (1,08 балл) тұр. Сонымен қатар, демократия индексі бойынша ең төменгі көрсеткішке ие елдердің ондығына Орталық Азияның екі мемлекеті кірді – Түрікменстан (1,66 балл) және Тәжікстан (1,83 балл).

Қазақстанның рейтингі

Орталық Азия және Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдері арасында ең жоғары демократия индексі Арменияға тиесілі – 5,35 балл және 82-орын. Бұл ел гибридті режимдегі мемлекеттер қатарына жатқызылды. Ал көрші елдердің барлығы авторитарлы режимдегі елдер санатына енгізілген.

Қазақстан 3,08 бал жинап, 118-ші орынға жайғасты. Аймақтағы басқа елдермен салыстырғанда Қырғызстан 3,52 балмен 111-орында тұр, ал Өзбекстан 2,1 балл көрсеткішімен 146-орында.

Ресей әлемдік рейтингте 2,03 балмен Гвинея-Бисаумен бірге 150-орынды бөліссе, Беларусь 1,99 балмен 152-орынға тұрақтаған. Тәжікстан мен Түрікменстан, жоғарыда айтылғандай, демократия индексі бойынша ең соңғы орындардың бірінде – 159 және 161-орындарда.

Бұған дейін Bloomberg сарапшысы Қазақстандағы демократия деңгейі және елдің дамуына кедергі келтіретін негізгі факторлар туралы пікір білдірген болатын.