2025 жылы жеңілдетілген салық режимін қолданатын жеке кәсіпкерлер кез келген қызмет түрімен айналыса алады, бірақ салық кодексінде тікелей тыйым салынған қызмет түрлеріне қатысуға құқығы болмайды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Жеңілдетілген салық мөлшерлемесі 3% құрайды. Бұл ретте толыққанды бухгалтерлік есеп жүргізу талап етілмейді. Тек салықтық тіркеулерді жүргізсе болды.
Digitalbusiness басылымының мәліметінше, жеңілдетілген салық режимін қолдану үшін белгілі бір талаптар сақталуы қажет. Атап айтқанда, салық кодексінің 683-бабында жеке кәсіпкерлердің кірісіне, персонал санына және агенттік келісімшарттарға тыйым салу талаптарына қатысты шектеулер көрсетілген.
Жеңілдетілген салық режимі кейбір нақты қызмет түрлеріне қолданылмайды. Бұл шектеулер салық кодексінің 683-бабы 3-тармағында бекітілген әрі келесі қызметтерді қамтиды:
Акцизделетін тауарларды өндіру және сату;
Акцизделетін тауарларды сақтау және көтерме сату;
Бензин, дизель отыны мен мазут сияқты мұнай өнімдерін сату;
Лотерея өткізу;
Жер қойнауын пайдалану (барлаушылық лицензиясы бар жер қойнауын пайдаланумен байланысты қызметтерден басқа);
Түсті және қара металдардың сынықтары мен қалдықтарын жинау, қайта өңдеу және сату;
Консалтингтік және маркетингтік қызметтер;
Бухгалтерлік есеп және аудит саласындағы қызметтер;
Қаржылық және сақтандыру қызметі, сондай-ақ сақтандыру агенттері мен брокерлердің қызметі;
Құқық және сот саласындағы қызметтер;
Цифрлық майниң (егер лицензиясы болса);
Сауда базарларын жалға беру және пайдалану, сондай-ақ базар аумағындағы сауда және қоғамдық тамақтану нысандарын субарендаға тапсыру;
Бір қонақүйде екі немесе одан да көп салық төлеушінің қонақүй қызметтерін көрсетуі;
Қаржылық лизиң.
Қарапайым тілмен айтқанда, жеңілдетілген салық режимін қолданатын жеке кәсіпкерлер көптеген бизнес салаларында жұмыс істей алады, алайда жоғарыда аталған қызмет түрлері бойынша белгілі бір шектеулерді ескеруі қажет.
Бұған дейін Қазақстанда бизнестен "рейтинг салығын" алу мәселесі қарастырылып жатқаны белгілі болған еді.