«Қазақ гаишниктері 200 мың теңге сыпырып алды»: беларусь блогерінің Түркістандағы оқиғасы

Сырым Қаржас

Беларусь блогері Түркістан облысында полицейлер 200 мың теңге талап еткенін мәлім етті. Олар бұл оқиғаны видеоға түсіріп алған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

скриншот

Түркістан облысында патрульдік полиция қызметкерлері Беларусьтен келген туристерді тоқтатып, олардан 200 мың теңге сұраған. Туристердің айтуынша, полицейлер оларды Қазақстанның техникалық тексерісінен өтпегені және бейнебақылау камерасына түскені үшін айыптаған. Туристер арасында танымал блогер Александр Гулько да болған. Оның айтуынша, олар ешқандай жол ережесін бұзбаған, бірақ тәртіп сақшылары бұған дәлел келтірмеген. Полицейлер ақша берілген жағдайда, ендігәрі тоқтатпайтынын айтып, уәде еткен.

Қазақстанға бірінші рет барғанда бізге гаишниктер мұнда аямайтынын айтқан еді. Олар бізге “не 200 мың теңге бересіңдер немесе көлікті тәркілейміз” деді. Біз қарсыласқан жоқпыз. Төледік те, таңғалып, ары кете бердік. Кейін бізге Түркістаннан өзіндік қауіпсіздік қызметкерлері хабарласты. Болған оқиға тексеріліп жатқанын, ақша берген полиция қызметкерлерінің көлік нөмірі қандай болғанын сұрады. Біз шынымызды айтсақ, есте сақтамаппыз, – дейді блогер.

ІС ҚОЗҒАЛДЫ

Ішкі істер министрлігі бұл оқиғаға қатысты бейнематериалды әлеуметтік желілерден көргенін мәлімдеген. Қазір аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, сондай-ақ полиция бөлімінің басшылығына қатысты қызметтік тексеріс басталған. Министрлік ресми мәлімдемесінде әзірге туристерден ешқандай шағым түспегенін және көліктің тіркеу деректері анықталмағанын атап өтті.