Жұмбақ адам: президент істері басқармасында тағайындалған Ерлан Сүттібаев туралы не белгілі

Сымбат Сатыбалдина

1 сәуір күні Ақорда баспасөз қызметі президент істері басқармасы басшысының тағы бір орынбасары тағайындалғанын хабарлады. Бұл қызметке Ерлан Сүттібаев келді. Ulysmedia.kz жаңа шенеунік туралы не белгілі екенін анықтап көрді.

Ulysmedia.kz коллажы

АЛТЫНШЫ ОРЫНБАСАР

Ерлан Сүттібаев туралы ашық дереккөздерде ақпарат өте аз. Президент істері басқармасы (ПІБ) әзірге оның өмірбаянын жариялаған жоқ. Бұған дейін жаңа тағайындаулар жайлы ресми хабарламалар қысқаша өмірбаянмен бірге жарияланып отыратын.

Белгілісі – Сүттібаев басқарма басшысының алтыншы орынбасары болды. ПІБ ресми сайтындағы мәліметке сәйкес, бұл лауазымды бұған дейін Абай Алтай, Бақыт Әбілдинов, Рустам Баялиев, Сергей Хорошунин және Серік Кенжебаев иеленген. Ал басқарма басшысы – Асат Нұрпейісов.

Сүттібаевтың қандай салаға жауапты болатыны және нақты қандай міндет атқаратыны әзірге Ақорда мен ПІБ тарапынан түсіндірілген жоқ.

ЖШС-ЛАР ТОПТАМАСЫ

Қолда бар дерекке сүйенсек, Ерлан Сүттібаев Президент істері басқармасына келгенге дейін кәсіпкерлікпен айналысқан. “Учёт ПК” сайтындағы мәлімет бойынша, ол 2019 жылдың шілдесінен бері Qazaqstan Electro Management Company компаниясын басқарып келеді және осы уақыт бойы жалғыз құрылтайшысы болған. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, бұл ЖШС Алматы қаласының Медеу ауданында тіркелген, негізгі қызметі – коммерциялық қызмет және басқару мәселелері бойынша кеңес беру (ЭҚЖЖ: 70221), шағын кәсіпорын ретінде тіркелген (қызметкерлер саны – 5-тен аз).

Компания жұмыс істеген жылдары 1 982 229 теңге көлемінде салық төлеген.

Сондай-ақ Сүттібаевтың аты тағы бір компаниямен – «Жетісу Жарығы» ЖШС-мен байланысты. Бұл кәсіпорын 2017 жылдың шілдесінде ашылған, шағын бизнес ретінде тіркелген және электромонтаж жұмыстары саласында жұмыс істейді (ЭҚЖЖ: 43219). Компания 415 891 теңге салық төлеген.

Тағы бір кәсіпорын – «Казахстан Электро» ЖШС, 2000 жылы Шымкентте тіркелген. Бұл компания да электромонтаж саласында жұмыс істейді. Сүттібаев бұл жерде алты құрылтайшының бірі ретінде көрсетілген. 24 жыл ішінде кәсіпорын 324 820 522 теңге салық аударған.

Сүттібаевқа қатысы бар төртінші компания – «24 дәм» ЖШС, 2024 жылдың ақпанында Алматы қаласының Наурызбай ауданында тіркелген. Бұл кәсіпорын көтерме және бөлшек саудамен айналысады (ЭҚЖЖ: 47261). Құрылтайшылар үшеу, қызметкерлер саны – 6-10 адам. Компания бір жыл және екі ай ішінде мемлекет қазынасына 4 798 300 теңге салық төлеген.

ӨЗГЕ ДЕ КОМПАНИЯЛАР

Ашық дереккөздерге сүйенсек, Ерлан Сүттібаев тағы үш ЖШС-ке аффилирленген тұлға ретінде тіркелген. Олар – Amanat Catering, «Жомарт» және «Қазақстан Электро» Сауда үйі.

Amanat Catering – 2009 жылы Алматы қаласының Әуезов ауданында тіркелген, қызметі – тұру мен тамақтану саласында қызмет көрсету.

«Жомарт» ЖШС – 1998 жылы Алматының Алмалы ауданында тіркелген, негізгі қызметі – көлік-экспедициялық қызметтер (ЭҚЖЖ: 52291), қосымша қызметі – меншіктегі жылжымайтын мүлікті жалға беру және басқару (ЭҚЖЖ: 68201).

«Қазақстан Электро» Сауда үйі – 2002 жылы Медеу ауданында тіркелген, негізгі қызметі – жылжымайтын мүлікті жалға беру мен басқару, қосымша қызметі – электр тарату және реттеу аппаратурасын өндіру.