Балаларды бірінші сыныпқа тіркеу үшін қажетті egov.kz электронды порталының қажетті функциясы таңертеңнен бері істемей тұр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бүгін, яғни 1 сәуірде балаларды мектепке қабылдауға өтініш беретін күні egov.kz порталы таңертеңнен істемей қалған.
Портал қазір қолжетімсіз, біз оны қалпына келтіру бойынша жұмыстар жүргізудеміз. Келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз! – делінген порталдың хабарламасында.
Бүгін осыған байланысты Ulysmedia.kz тілшісі цифрлық даму вице-министрі Ростислав Коняшкинге мәселе қашан реттелетінін сұраған еді. Оның айтуынша, егов порталында бірінші сыныпқа қабылдау қызметі бүгін сағат 15.00-де қайтадан іске қосылады.
Сол кезде портал бүкіл жүктемег шыдар деп үміттенеміз. Кез келген мемлекеттік қызметті іске қосар алдында дайындық жасау жөнінде айтар болсам, ол қызметті қосар алдында соған жауапты мемлекеттік органмен дайындық жұмыстары жүргізіледі. Бұл бірлескен жұмыс. Ата-аналар алдындағы жауапкершілік туралы айтар болсам, иә, басқа мемлекеттік органдар сияқты біз электронды үкіметке жауапты адам ретінде бұл сервистің қызметіне жауаптымыз, – деді вице-министр.
Алайда сағат 15.00-ден кейін портал тағы істемей қалды.
Қала мектептерінің біріне барған ата-аналар осы жайтты мектек әкімшілігінен түсіндіруді талап еткен. Алайда ол жерде ата-аналарға өтініш тек егов порталы арқылы қабылданатыны хабарланған.