Байлардың бәйгесі: Forbes жаһанның ең ауқатты адамдарын анықтады

Сырым Қаржас

Forbes әлемдегі ең бай адамдардың жаңартылған рейтингін жариялады. Биыл да тізімнің көшін әйгілі кәсіпкер, Tesla мен SpaceX-тің негізін қалаушы Илон Маск бастады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: Pexels.com

Журналдың мәліметінше, қазіргі уақытта әлем бойынша ең көп миллиардер АҚШ-та тұрады – 902 адам. Одан кейінгі орындарда Қытай мен Гонконг (516 миллиардер) және Үндістан (205 миллиардер) тұр.

Әлемдегі ең бай 7 тұлға

Әлемдегі ең ауқатты жетеудің көшін Илон Маск бастады. 53 жастағы кәсіпкердің байлығы 342 миллиард долларды құрайды. Одан кейін Meta негізін қалаушы Марк Цукерберг 216 миллиард доллармен және Amazon-ның негізін қалаған Джефф Безос 215 миллиард доллармен жайғасты.

Рейтингтің 4-7 орындары мынадай:

  • Ларри Эллисон – Oracle корпорациясының негізін қалаушы, директорлар кеңесінің төрағасы, техникалық жетекші. Байлығы – 192 млрд доллар.

  • Бернар Арно – әлемге әйгілі Louis Vuitton мен Sephora-ны қамтитын LVMH сән және косметика империясының иесі. Байлығы – 178 млрд доллар.

  • Уоррен Баффет – инвестиция әлеміндегі ең табысты кәсіпкерлердің бірі. Байлығы – 154 млрд доллар.

  • Ларри Пейдж – Google-дың бас компаниясы Alphabet-тің экс-атқарушы директоры. Байлығы – 144 млрд доллар.

Айта кетсек, өткен жылы Forbes-тың жаңартылған тізімінде үздік үштікті Илон Маск, Джефф Безос және Марк Цукерберг бөліскен болатын.