207 млн теңге рәсуа болды: бюджет шығындарының құпиясы ашылды

Ілияс Бақыт

Қазақстанда жылумен, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін жаңғыртуға бөлінген бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалғаны анықталды. Бұны Жоғары аудиторлық палата анықтаған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ашық дереккөзден

ЖОҒАРЫ АУДИТОРЛЫҚ ПАЛАТА БЮДЖЕТТІК ШЫҒЫНДАРДЫ ТОҚТАТТЫ

Аудит барысында анықталған басты мәселе — 2023-2024 жылдары сенім білдірілген агенттердің талдамалық қызметтеріне ақы төлеу үшін бюджет қаражатының жұмсалуы. Ең қызығы, бұл қызметтер Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті мен «Қазақстандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту және дамыту орталығы» АҚ-ның тікелей міндетіне кіретін еді.

ҚАНША ҚАРАЖАТ ЗАЯ КЕТТІ?

Жалпы алғанда, екі жыл ішінде бюджеттен 207 млн теңгеден астам қаражат талдамалық қызметтерге жұмсалған. Мемлекетке ауыр салмақ салған бұл шығындардың артында кім тұрғаны көпшілікті толғандырады.

БОЛАШАҚТА ҚАРЖЫЛАНДЫРУ ТОҚТАТЫЛАДЫ

Жоғары аудиторлық палатаның араласуынан кейін бұл олқылықтар ескеріліп, жылумен, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін жаңғыртуға 2025 жылдан бастап республикалық бюджеттен қосымша қаржы бөлінбейтін болды.

ҚАРАЖАТ МЕМЛЕКЕТ ҚАЗЫНАСЫНА ҚАЙТАРЫЛДЫ

2024 жылға арналған бюджетті қайта қарау барысында 84,4 млн теңге үнемделіп, мемлекет қазынасына қайтарылды. Бұл қаражаттың қайда жұмсалатыны әлі белгісіз.