Көлік сақтандыру арзандай ма: үлгілі жүргізушілерге ғана жеңілдік

Ілияс Бақыт

Қазақстанда көлік жүргізушілері үшін сақтандыру полисінің құны өзгеруі мүмкін. Бұған «бонус-малус» жүйесінің коэффициентін есептеу мен қолдану ережесіне енген өзгерістер себеп болып отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ашық дереккөзден

ЖАҢА ЖҮРГІЗУШІЛЕР ҮШІН САҚТАНДЫРУ ҚҰНЫ ЕКІ ЕСЕГЕ ӨСЕДІ

Бұған дейін жүргізуші куәлігін алғаш алған азаматтар 3-кластан бастап, коэффициенті 1 болып саналатын. Енді олар А класын алады, бұл — коэффициенті 1.8 деген сөз. Яғни сақтандыру полисі екі есеге жуық қымбаттайды. Бұл талап тіпті мопед мінген жаңа жүргізушілерге де қатысты.

ЕҢ ҚЫМБАТ ЖӘНЕ ЕҢ АРЗАН САҚТАНДЫРУ КЛАСТАРЫ ҚАЛА БЕРЕДІ

Жаңа ереже бойынша ең арзан сақтандыру класы — бұрынғыдай 13-класс, ал ең қымбаты — М2-класс. М2 санатына енген жүргізуші 13-класқа қарағанда жеті есе артық төлем жасайды.

ЖОЛ ЕРЕЖЕСІН ҮШ МӘРТЕ БҰЗҒАНДАРҒА ҚАТАҢ ШАРА

Бүгіннен бастап жол ережесін үш немесе одан да көп рет бұзған жүргізуші апатқа ұшыраса, сақтандыру класы екі деңгейге төмендейді, ал полис құны тиісінше қымбаттайды.

Сол сияқты ауыр жол апатына себепкер болғандар немесе бір өңірде тіркеліп, басқа өңірде апатқа түскендер де жазаға тартылады — олардың сақтандыру класы төмендетіледі.

МАС ЖҮРГІЗУШІЛЕР М2-КЛАСЫНА ТҮСЕДІ

Егер жүргізуші мас күйде көлік тізгіндесе немесе көлігін мас адамға беріп, жол апатына себепкер болса, онда ол ең төменгі М2-классқа түседі. Бұл полистің ең қымбат нұсқасы саналады.

ҮЛГІЛІ ЖҮРГІЗУШІЛЕР ҮШІН ЖЕҢІЛДІК БОЛА МА?

Жол ережесін бұзбай, апатсыз жүрген жүргізушілерді ынталандыру үшін сақтандыру полисінің құнын азайту қарастырылған. Алайда бұл бастамаға сақтандыру компаниялары дайын ба — әзірге нақты жауап жоқ.