Ғарышкер Тоқтар Әубәкіров тоқсаныншы жылдары Жезқазған облысын (қазіргі Ұлытау) басқарып, әкім болу ұсынысынан неге бас тартқанын айтып берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ғарышкердің сұхбатының фрагменті ulytau_inside парақшасында жарияланды.
Маған Жезқазған қаласының әкімі боласың ба деп ұсыныс жасады. Мен бармаймын деп бас тарттым. Мен ең мықты болсам да, облыс түгілі ауылды басқарып көрмеген мен ұсынысқа келіссем, жартысын басқа біреулерге сатып жіберген облысқа баруым керек екен. Мен сол жерде қожа болып отырғандардың қол астында жүгіріп жүруім керек екен. Ал егер сол жер құрып жатса, “әне, анау келіп бәрін құртты” деп маған жабар еді. Сол үшін келіспедім, – дейді ол.
ҒАРЫШКЕР ЖАЙЛЫ
1991 жылдың 2 қазанында Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіров ғарыш төріне аттанды. Кеңес одағының батыры, Қазақстанның Халық Қаһарманы, техника ғылымдарының докторы атағы бар.
Ғарышкер 1946 жылы 27 шілдеде Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының Бірінші Май ауылында дүниеге келген. Армавир жоғары әскери ұшқыштар училищесін тәмамдап, Кеңес армиясының әуе күштерінде қызмет атқарды. Кейін Мәскеудегі әйгілі тәжірибелік-конструкторлық бюроның сынақшы-ұшқышы ретінде 50-ден астам жаңа ұшақ түрін басқарды.
1991 жылы Тоқтар Әубәкіров "Союз ТМ-13" ғарыш кемесімен ғарышқа сапар шекті. Ол КСРО мен Қазақстан үшін бірдей маңызы бар тәжірибелер жүргізді. "Мир" орбиталық станциясындағы ғылыми-зерттеу жұмыстары – тәуелсіздік қарсаңындағы Қазақстанның халықаралық ғылымға жасаған алғашқы нақты үлесі деуге болады. Ғарыш сапарынан кейін Тоқтар Әубәкіров Қазақстанның ұлттық аэроғарыш агенттігін басқарды, Парламент депутаты болды.