Құлдық па, соғысқа алып кете ме? 20 қазақстандық Ресейге барамын деп алданған

Сымбат Сатыбалдина
ЖИ / ulysmedia.kz

Ресейге жұмыс істеуге барамыз деген 20 қазақстандық жігіттің құжатын әлдекімдер тартып алған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Бұл туралы белгілі журналист Лұқпан Ахмедияров хабарлады. 

- Маған мынадай ақпарат келіп түсті: Орал, Ақтөбе және Атырау қалаларынан шыққан шамамен 20 шақты жас жігіт бір апта бұрын Ресейге жұмыс істеуге кеткен. Оларды Орал қаласында жинап, автобуспен Ресейдегі болжалды жұмыс орнына апарған. Алайда шекараны кесіп өткен соң олардың төлқұжаттарын тартып алып, түннің бір уақытында бір елді мекенге жеткізген. Содан бері оларды еркінен тыс ұстап отыр. Барлығына "еңбек шарты" деген атауы бар бланкілер (фото бар) таратылып, қол қоюға мәжбүрлеп жатыр.

Мен ол елді мекеннің атауын анықтадым, сондай-ақ бұл топтың фотосы бар. Суретте екі рекрутер (жұмысқа үгіттеуші адам) анық көрінеді. Сондай-ақ менде Орал, Атырау және Ақтөбе қалалары бойынша осы жігіттерді жұмысқа жинап жүрген адамның телефон нөмірі бар. Сұрақ: Енді не істеу керек? Қай мемлекеттік органға жүгіну керек? Қазақстанның Ресейдегі елшілігіне хабарласқанның пайдасы бола ма?, дейді журналист. 

РЕСЕЙДЕГІ ҚҰЛДЫҚ

Еске салайық, бұған дейін Ресейге "вахтаға" барған қазақстандық жастар "құлдыққа" түскенін жазған едік. Қазақ жастарының бір тобы Ресейге жақсы жалақы төленетін «вахталық жұмыс» туралы хабарландыруға сеніп, табыс табуға барған. Алайда елге жеткен соң, оқиға мүлде басқаша өрбіген. 

Ресейге жеткен бойда олардың төлқұжаттарын алып қойған. Ал уәде етілген жұмыс орындары мүлде болмай шыққан. Оның орнына оларды Ozon компаниясының қоймасына жұмысқа жіберіп, «құжаттарыңды қайтару үшін 10 күн тегін жұмыс істеуің керек» деген шарт қойған. Біраз уақыттан соң жастар онда мүлде жалақы төленбейтінін білген соң, жұмыс берушіден құжаттарын қайтаруды сұраған.