Журналист полиция әкетер алдында әлеуметтік желідегі парақшасында видео түсіріп үлгерген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ОНЫ НЕ ҮШІН ҰСТАУЫ МҮМКІН
Әлеуметтік желідегі парақшасына журналист видеоны полиция көлігінің ішінде түсірген.
Жаңа ғана түсірілім жүргізіп жатқанбыз. Мені жаңа ұстады. Полиция қызметкерлері күштеп көлікке отырғызды. Ешқандай түсінік берерлік қағаз көрсеткен жоқ. Рауль мен Еркебұланды да ұстамақ. Менің үстімнен қылмыстық іс қозғалғанын айтты, сол іс шеңберінде жауапқа тартқалы жатыр. Қазір біз полицияға бара жатырмыз. Нақты қайда апара жатқанын білмеймін. Мені Триатлон бақтың маңайында ұстады, – деп айтып үлгерді Лұқпан Ахмедяров.
Журналист өзінің ұсталуын жуырда жарияланған мақаласымен байланыстырады. Ол мақалада Ресейге алданып барған қазақстандықтар туралы баяндалған еді. «Олардың туыстары маған хабарласып, соғысқа баруға мәжбүрлеп жатқанын айтты. Бүгін Қазан қаласындағы Қазақстан консулдығы бұл ақпаратты жоққа шығарып, шындыққа жанаспайды деп мәлімдеді. Бәлкім, менің ұсталуым осы жағдаймен байланысты болар» деп үлгерді журналист.
Ulysmedia.kz тілшісі Ішкі істер министрлігіне осы факт бойынша ұялы телефон арқылы сұрағанымен әлі жауап алған жоқ.
ЖУРНАЛИСТ ЖАЙЛЫ
Лұқпан Сайлауұлы Ахмедяров — танымал журналист, азаматтық белсенді. Ол 1975 жылы 23 желтоқсанда Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданы Новопавловка ауылында дүниеге келген. 1996 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін география және биология пәндерінің мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдап, төрт жыл Ақсуат ауылында мұғалім болып қызмет атқарған. 2001 жылдан бастап «Уральская неделя» газетінде журналист ретінде жұмыс істеген.
Ахмедьяров өзінің кәсіби қызметі барысында бірнеше рет құқық қорғау органдары тарапынан қысымға ұшыраған. 2009 жылы сотқа “құрметсіздік білдіргені үшін” бес тәулікке қамауға алынған. 2011 жылы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігін референдум арқылы ұзартуға қарсы акцияға қатысқаны үшін 15 тәулікке қамалған. 2012 жылы 19 сәуірде Ахмедяровқа қарулы шабуыл жасалып, ол сегіз пышақ жарақатын және травматикалық қарудан екі жарақат алған. Бұл оқиға халықаралық ұйымдардың назарын аударды. «Шекарасыз репортерлар» ұйымы оған 2012 жылы Питер Маклер атындағы халықаралық сыйлықты табыстады. Журналист Парламент сайлауына да түсіп көрмек болған.