Ғалымдардың жұмыстан босатылуы: институт астрофизиктердің өзін айыптап отыр

Сырым Қаржас
Ulysmedia

В. Г. Фесенков атындағы Астрофизика институты Ай мен планеталар физикасы зертханасының қызметкерлері не себепті жұмыстан босатылғанын түсіндіруге тырысты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Институттың баспасөз хабарламасында зертханада ғылыми сабақтастық механизмі жоқ екені, ал жұмыстан босатылған қызметкерлер зейнет жасына жеткені айтылған. Мекеменің хабарлауынша, Виктор Тейфель өз бөлімін 1974 жылдан бері басқарып келеді.

ДӘЙЕКСӨЗ

– Қазіргі таңда зертхананың ең жас ғылыми қызметкерінің жасы 76-да, ал В.Г. Тейфель биыл 92 жасқа толды. Денсаулығының нашарлауына байланысты көру қабілетінен айырылып, өздігінен жүре алмайды.

Өкінішке қарай, зертханада жастардың болмауы мәселесі кейінгі 20 жыл бойы шешілмей келеді, бұл ғылыми сабақтастықтың толық жоғалғанын көрсетеді. Институттың басқа зертханаларына, мысалы, жұлдызды астрономия, спектроскопия және радиоастрономия зертханаларына жас мамандар мен аспиранттар жүйелі түрде келіп жатыр, ал Тейфельдің зертханасында мұндай үрдіс жоқ, – делінген хабарламада.

Институт мәліметінше, Ай мен планеталар физикасы зертханасы 2020 жылдан бері гранттық қаржыландыруға небәрі үш өтініш берген, ал 2023 жылдан бастап бірде-бір өтініш тапсырмаған. Сол кезеңде институттың басқа зертханалары 40-тан астам өтініш беріп, өз жұмыстарына қажетті қаржыны алған.

Астрофизика институтының баспасөз қызметі жүргізілген бағалау нәтижелеріне сүйене отырып, Ай мен планеталар физикасы зертханасының жүйелі түрде тиімсіз жұмыс істейтінін, кадрлық сабақтастықтың жоқтығын, ғылыми өнімділіктің төмендігін мәлімдеді.

Еске салайық, қызметкерлердің жұмыстан босатылғанын мәлімдеген Виктор Тейфель – Қазақстандағы танымал астрофизик, В. Г. Фесенков атындағы Астрофизика институтының жетекші қызметкерлерінің бірі. Аталған мекеме 1941 жылы Василий Григорьевич Фесенковтың бастамасымен құрылған. Ол – ҚР Аэроғарыш комитетіне қарасты Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығының еншілес ұйымы.