Құрамында "Тикетон" билет сату сервисі бар Freedom Holding Corp компаниясының иесі, қазақстандық миллиардер Тимур Турлов Дженнифер Лопестің концертіне билет сату кезінде кеткен техникалық ақауға қатысты әлеуметтік желіде пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Турлов өз холдингі бұл жағдайдан сабақ алатынын айтты. Сонымен қатар, оның сөзінше, билет сатып алғандарға "Тикетонның" комиссиясы қайтарылады.
— Біз бұл жағдайдан сабақ аламыз, клиенттерімізбен дұрыс қарым-қатынас жасауды үйренеміз, бизнесті, дағдарыстарды және техникалық шешімдерді басқару тәсілдерін өзгертуді білеміз. Біз сервис пен оны басқаруға байланысты, мүмкін, оның құрылғанынан бергі ең ауқымды жаңғыртуды жүргіземіз. Қателіктерді мойындап, одан сабақ алу — алға жылжу үшін аса маңызды. Комиссияны бәріне қайтарамыз, бірақ тек сонымен шектелмейміз, — деп жазды ол Threads желісінде.
Еске салайық, бұған дейін Ticketon.kz негізін қалаушы Алексей Ли Астанада өтетін Дженнифер Лопес концертіне билеттердің сатылуындағы мәселеге байланысты мәлімдеме жасаған еді.
ӘНШІНІҢ КОНЦЕРТІ
Америкалық поп-дива Дженнифер Лопес Қазақстанды өзінің әлемдік Up All Night турнесіне қосқан.
Концерт 2025 жылдың 1 тамызында Astana Arena стадионында өтеді. Бұл – Лопестің Қазақстандағы алғашқы өнер көрсетуі.
Тур әлемнің 15-ке жуық қаласын қамтиды, олардың арасында Анталья, Ыстамбұл, Мадрид, Барселона, Будапешт және Варшава бар. Қазақстан – Орталық Азиядағы осы гастрольдік сапарға қосылған аз ғана елдің бірі, бұл шара жергілікті жанкүйерлер үшін ерекше мәнге ие.
Шамамен 15 мың шетелдік турист концертке келмек. Ал экономикалық әсері 6,5 миллиард теңгеге дейін жетуі мүмкін