Еуроодақ Палестинаны құтқаруға кірісті – 1,6 млрд еуро қайда жұмсалады

Ілияс Бақыт
Ашық дереккөзден

Еуропалық Одақ Иордан өзенінің Батыс жағалауы мен Газа секторында тұратын палестиналықтарға көмек ретінде 1,6 миллиард еуро бөлетін болды. Бұл туралы 14 сәуірде ЕО-ның сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі Кая Каллас мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Калластің айтуынша, бұл көмек 2027 жылға дейін жалғасып, Газа секторы мен Батыс жағалаудағы жағдайды тұрақтандыруға бағытталады. Еуроодақ бұл қаражатты инфрақұрылымға инвестициялауға, гуманитарлық көмек пен босқындарға қолдау көрсетуге жұмсамақ.

Бұл мәлімдеме Палестина ұлттық әкімшілігінің (ПҰӘ) премьер-министрі Мұхаммед Мұстафаның Люксембургте ЕО Сыртқы істер министрлерімен кездесуі қарсаңында жасалды. Алайда Каллас көмектің нақты қалай жеткізілетінін ашып айтпады. Айта кетейік, Газа секторын 2007 жылдан бері ХАМАС ұйымы басқарып келеді, ал ПҰӘ тек Иордан өзенінің Батыс жағалауын бақылайды.

ЕУРООДАҚ — ПАЛЕСТИНА АВТОНОМИЯСЫНЫҢ ЕҢ ІРІ ҚОЛДАУШЫСЫ

AFP агенттігінің мәліметінше, ЕО — Палестина автономиясының ең ірі халықаралық доноры. Бұған дейін 2021–2024 жылдар аралығында жүзеге асқан көмек бағдарламасы 1,36 млрд еуроны құраған болатын.

Жаңа көмек пакеті 576 миллион еуро көлеміндегі грантты қамтиды. Бұл қаражат Газа секторы, Батыс жағалау және Шығыс Иерусалимдегі экономикалық қайта қалпына келтіру жобаларына бағытталмақ. Сонымен қатар Еуропалық инвестициялық банк тарапынан 400 миллион еуро көлемінде несие беріледі.

ТАЯУ ШЫҒЫСТАҒЫ ҚАҚТЫҒЫСТЫҢ УШЫҒУЫ

2023 жылғы 7 қазанда Таяу Шығыстағы жағдай күрт нашарлады. Еуроодақ пен АҚШ-та террористік ұйым ретінде танылған ХАМАС радикалды исламшыл қозғалысы Израильге жаппай шабуыл жасады. Олар зымыранмен соққы беріп, ел аумағына басып кіріп, шамамен 1200 бейбіт тұрғынды өлтірді. Сонымен қатар 250-ге жуық адамды тұтқынға алып, Газадағы анклавқа алып кетті. Кейін олардың бір бөлігі босатылса, кейбірі қаза тапты.

Осы оқиғаларға жауап ретінде Израиль ХАМАС-қа қарсы соғыс жариялады. Газа секторына жасалған әскери операция мен әуе шабуылдары кезінде ХАМАС бақылауындағы Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 50 мыңнан астам палестиналық көз жұмып, 115 мыңнан астам адам жарақат алған.

Палестиналық жасақтарды Ливандағы шииттік радикалды «Хезболла» қозғалысы қолдады. Бұл ұйым да Германия, АҚШ, Израиль және бірнеше араб елдерінде террористік ұйым деп танылған. «Хезболла» Израиль аумағын Ливаннан жиі атқылайды. Израиль қарулы күштері Ливанның оңтүстігінде әскери операция жүргізіп, кейінірек ол аймақтан әскерін шығарды.