Қазақстанда Al Jazeera медиакорпорациясының қосыны ашылады

Сырым Қаржас
Ашық дереккөзден

Қазақстан президентінің кеңесшісі әрі баспасөз хатшысы Руслан Желдібайдың жазуынша, медиакорпорация елімізде өз тілшілерін ұстайды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Руслан Желдібай Al Jazeera медиа институтының директоры Иман Әл Амримен және Al Jazeera English телеарнасының басқарушы директоры Исса Әлимен болған кездесуде журналистер мен басқа да салалық мамандарды даярлау, сондай-ақ Қазақстанның тарихы, тұмса табиғаты және қазіргі дамуы жөнінде сыр шертетін деректі сериялар түсіру туралы ақылдасқан.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтыр Қатар еліне жасаған мемлекеттік сапары аясында Қазақстан президентінің телерадиокешені «Әл-Жазирамен» ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған.

Кездесуде Қазақстанда Al Jazeera арнасының тілшілер қосынын ашу мәселесі де көтерілген. “Медиакорпорация елімізде өз тілшілерін ұстаса, Қазақстан және Орталық Азия өңіріндегі елеулі оқиғалар туралы қызықты ақпарат тарату мүмкіндігі кеңейеді деп санаймын” дейді ол.

1996 жылы Катарда құрылған Al Jazeera медиакорпорациясы бүгінде әлемдегі ең ықпалды ақпарат құралдарының бірі саналады. Штаб-пәтері Доха қаласында орналасқан бұл медиа ұйым алғашында тек араб тілінде хабар тарататын арна ретінде жұмысын бастаған. Алайда уақыт өте келе ағылшын тілді арнасы мен сан түрлі мультимедиялық платформаларын іске қосып, жаһандық деңгейге көтерілген.