Өскеменде қашқын олигарх Анатолий Балушкинге сот үкімі шықты

Сымбат Сатыбалдина
Ulysmedia.kz коллажы

Өскеменде "Азия Авто" компаниясының бұрынғы топ-менеджерлеріне қатысты сот үкімі сырттай шығарылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

СОТ ҮКІМІ

Сот Анатолий Балушкинді Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша ("Аса ірі көлемдегі алаяқтық") кінәлі деп танып, 9 жылға бас бостандығынан айырды.

Компанияның тағы бір бұрынғы жетекшісі Ерік Сағымбаевқа ҚК 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы ("Аса ірі көлемдегі алаяқтық") және 245-бабы 3-бөлігі ("Салық төлеуден жалтару, ұйымдасқан қылмыстық топпен немесе аса ірі көлемде") бойынша айып тағылып, 8 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы кесілді.

Сот үкімі сырттай шығарылды, себебі "Азия Авто" компаниясының бұрынғы жетекшілері – қазіргі Ресей азаматтары – халықаралық іздеуде.

БҰҒАН ДЕЙІН

Еске салайық, 17 наурызда Өскеменде олигарх Балушкиннің қол астында істеген алты адамға үкім шыққан болатын. 

ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС ЖАЙЛЫ

2021 жылдың қазан айында аталған компанияның 8 қызметкері қамауға алынған еді. Тергеу барысында, күдіктілердің туыстары олардың кінәсін дәлелдейтін айғақтар табылған жоқ деп мәлім еткен. Сол кезде компанияның топ-менеджерлері Өскеменге кеңеске шақырылған, бірақ қайтып оралмай, сол күні қамауға алынған. Дәл осы уақытта «Азия Авто Қазақстан» компаниясының басшысы Антон Ненахов өлі күйінде табылғаны хабарланды. Бұл оқиға бойынша «өз-өзіне қол жұмсауға итермелеу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған еді. 

Іс бойынша orda.kz бұған дейін кімге қандай айып тағылғанын жазған. Атап айтқанда, Дмитрий Борзых, Константин Лобанов, Андрей Рябец, Елена Кузьмина, Ержан Мандиевке ҚР ҚК 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы (алаяқтық) бойынша, Александр Толстиковқа ҚР ҚК 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы (алаяқтық), 24-бабы 3-бөлігі (қылмысқа дайындық), 218-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы (ақшаны заңдастыру) бойынша, Игорь Потаповқа ҚР ҚК 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы (алаяқтық), 24-бабы 3-бөлігі (қылмысқа дайындық), 218-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы (ақшаны заңдастыру) бойынша, Галина Мокинаға ҚР ҚК 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы (алаяқтық), 28-бабы 2-бөлігі (қылмыстық құқықбұзушылыққа сыбайлас қатысу), 245-бабы 3-бөлігі (салық төлеуден жалтару) бойынша айып тағылған.

Іс басталған соң 13 ай өткеннен кейін айыпталушылар үйқамаққа алынған. 2023 жылдың шілдесінде Өскемен қаласының №2 сотында алдын ала тыңдау өтті. Онда айыпталушылардың адвокаттарының өтініштері қаралып, қорғаушылар істі прокуратураға кері қайтару қажеттігін дәлелдейтін бірнеше уәж келтірген-тін. Адвокаттар сол кезде айыптау актісі дайын болғанына қарамастан, келтірілген залалдың нақты көлемі әлі анықталмады деп хабарлады. Сонымен қатар, тергеу барысында қорғаушылар “айыпталушылар азаптауға ұшырады” деп мәлімдеді.