Қуандық Бишімбаев ісіндегі прокурор Айжан Аймағанова қазақстандықтарға үндеу жасады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Айжан Аймағанова парақшасында видео жариялап, балалардың жол апатына түсуі туралы жазған.
- Әрбіріміз өз өмірімізде болып жатқан нәрселерге, әсіресе балаларға қатысты жағдайларға жауаптымыз. Соңғы уақытта балалардың қатысуымен болған жол-көлік оқиғалары, терезеден құлау сияқты қайғылы жағдайлар жиілеп кетті. Бұл бәрімізді бейжай қалдырмауы керек. Астана прокуратурасының парақшасындағы бейнеролик мені ерекше толқытты. Бәлкім менің әріптесім, Арайлым Оразованың бастауымен түсірілгендіктен болар. Бұл видеода-оның ұлдары, дейді Аймағанова.
Прокурор балаларды қорғап, сақ болуға шақырды.
ЖОЛ АПАТЫ
Еске салайық, сәуірдің басында Алматыда жантүршігерлік оқиға болды. Анасының көзінше жүк көлігі баланы басып кетті.
Оқиға Беларусь азаматы басқарған көліктің кесірінен орын алды. Бала оқиға орнында жан тапсырды.
Видеодан баланың анасы жол жиегінде күтіп тұрғанын, ал баланың жолдан өтіп келе жатқанын көруге болады. Бала анасына қарай жүрмек болғанда, алдынан жолаушылар автобусы кесіп өтеді. Сол сәтте жүк көлігі баланы байқамай басып өткен. Бұл қайғылы оқиға баланың анасының көз алдында болған.