«Кешірім сұра дейді»: Бақытжан Базарбек өзін кімдер сотқа бергенін айтты

Аян Өрібай
Ұлысмедиа

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек өзіне қарсы сотқа кімдер арыз түсіргенін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ДЕПУТАТ НЕ ДЕЙДІ 

Бақытжан Базарбектің айтуынша, өзінің үстінен медицина ұйымдары сотқа арыз түсірген. Жоғарғы аудиторлық палатаның үкіметтік сағатында депутат МӘМС-ке байланысты өзі білетін фактілерді көрсеткен. 

Соған келіспеген медицина ұйымдары сотқа берді. Әзірге бір ұйым. Екінші медицина ұйым сотқа дейінгі дауымен шықты. Аргументі келіспейді: олардың ар-намысы, қадір-қасиеті, іскерлік беделіне нұқсан келген-мыс. 

Олар менен “ресми түрде кешірім сұрасын, болмаса адвокатқа, сараптамаға кеткен шығынды толығымен өндіріп аламыз” дейді. Әрине мен келіспеймін. Олар менің айтқан сөзіме филологиялық сараптама жүргізіпті. Біз де тиісті филологтардың сараптамасын аламыз, – дейді ол.

Депутат әр сот процесі онлайн режимде өтетінін айтады. Базарбек журналистерді сотқа қатыстырмақ ниетте.  

Бақытжан Базарбек – заңгер, қоғам белсендісі және Мәжіліс депутаты. Депутат ретінде Бақытжан Базарбек жер мәселесі, экология және су ресурстарының тиімді пайдаланылуы сияқты өзекті тақырыптарды жиі көтереді. Ол «Жер аманаты» комиссиясының жұмысына белсенді қатысып, қайтарылған жайылымдық жерлердің әділ бөлінуін талап етеді. Сонымен қатар, су тапшылығы мәселесіне алаңдаушылық білдіріп, үкіметтің бұл бағыттағы әрекеттерін сынға алады.