Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов қамаудағы марафоншы Марат Жыланбаев жазасын пенитенциарлық мекемеде жатқанын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ӘДІЛОВ НЕ ДЕЙДІ
Санжар Әділовке Мәжіліс кулуарында Марат Жыланбаевтың жағдайы жөнінде сұрақ қойылған.
Сот үкімі бойынша қазір Жыланбаев жазасын пенитенциарлық мекемеде өтеп жатыр. Жыланбаев тарапынан шағымдар жақын арада түспеген. Егер осындай шағымдар болса, қылмыстық атқару жүйесі комитетіне жүгінуге болады, – деді Санжар Әділов.
Марат Жыланбаевтың түзету мекемесінде наразылық танытып, аштық жариялап жатқаны бір емес, бірнеше рет жазылған еді. Содан хабарсыз болдыңыздар ма деген сұраққа Санжар Әділов “сіздің ақпаратыңыз толық тексеріледі және жазбаша түрде сізге жауап беріледі” деп жауап берді.
ЖЫЛАНБАЕВ АУЫЗЫН ТІГІП ТАСТАҒАН
Бұған дейін саяси белсенді әрі марафоншы Марат Жыланбаев түзету мекемесі №4 әкімшілігінің әрекеттеріне қарсылық ретінде аштық жариялағанын адвокаты Мейіржан Досқараев хабарлаған еді.
Оған жүгіріп тұруға рұқсат береміз деген. Сонымен қатар, сурет салуға да мүмкіндік береміз деп уәде еткен. Алайда бұл уәделер орындалмаған соң, Марат Жыланбаев аштық жариялап, аузын тігіп тастады, – деді Досқараев Азаттық радиосына берген сұхбатында.
Белсендінің жағдайы туралы нақты ақпаратты түрме әкімшілігінен алу мүмкін болмады. Ақмола облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті Азаттық радиосына берген жауабында «ақпарат шындыққа жанаспайды» деп мәлімдеген.
ЖЫЛАНБАЕВ ЖАЙЛЫ
Марат Жыланбаев – мемлекетке сын айтудан тайынбайтын қазақстандық марафоншы. Ол — дүниежүзіндегі ең ірі шөлдерді жекелей жүгіріп өткен жалғыз адам. 2022 жылы «Ар-Бедел» қоғамдық қоры Жыланбаевты Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ар-намысын қорғау бойынша сотқа берген.
2023 жылдың қарашасында Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Жыланбаевты ҚР Қылмыстық кодексінің 258-бабы 2-бөлігі және 405-бабы 2-бөлігі («Сот тыйым салған экстремистік ұйымды қаржыландыру және оның қызметіне қатысу») бойынша кінәлі деп танып, 7 жылға бас бостандығынан айырды. Сонымен қатар оған 3 жыл мерзімге бұқаралық ақпарат құралдары мен телекоммуникация желілерін пайдалана отырып, қоғамдық-саяси қызметпен айналысу құқығынан айыру жазасы тағайындалды.
2024 жылғы 19 қаңтарда Астана қалалық соты Жыланбаевтың апелляциялық шағымын қанағаттандырмай, үкімді өзгеріссіз қалдырды. 24 қаңтарда ол үкім жойылғанға дейін белгісіз мерзімге аштық жариялаған. Алайда 12 ақпанда денсаулығына байланысты аштықты тоқтатуға мәжбүр болды.