Трамптың жаңа жоспары: қолдаудың артында не жатыр

Ілияс Бақыт
Ашық дереккөзден

АҚШ билігі Украинамен сирек кездесетін металдарға байланысты келісімнің талаптарын жұмсартуға дайын екенін мәлімдеді. Бұған дейін 300 миллиард доллар көлемінде талап қойылған болса, енді бұл сома 100 миллиард долларға дейін азайтылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Bloomberg агенттігінің дереккөздеріне сүйенсек, өткен аптада Вашингтонда өткен келіссөздерден кейін Дональд Трамп әкімшілігі бұл талапты шамамен үш есе төмендеткен. Бұл сома Украина бұрын өзі бағалаған әскери көмектің көлеміне (90 млрд доллар) барынша жақын.

АҚШ ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ЖОБАЛАРЫНАН ТҮСЕТІН ПАЙДАҒА ҚАТЫСУҒА МҮДДЕЛІ

Вашингтон Украинамен болашақ инфрақұрылымдық жобалардан, оның ішінде сирек минералдар өндіру саласынан пайда алуға мүдделі. АҚШ президентінің пікірінше, бұл Украинаға берілген әскери көмектің орнын толтырудың әділетті жолы болар еді.

АҚШ бұл пайданы арнайы қор арқылы алуды көздеп отыр. Бұл қорды Вашингтонның өзі бақылауға алады, осылайша Америка пайда үлесіне басымдық алмақ.

КЕЛІСІМ ТУРАЛЫ НЕ БЕЛГІЛІ?

Келісімнің нақты шарттары туралы әзірге ресми түрде ешбір тарап мәлімдеме жасаған жоқ. Дегенмен Украина қарсы ұсыныс жасағаны белгілі. АҚШ қаржы министрі Скотт Бессенттің айтуынша, мәміле осы аптаның ішінде бекітілуі мүмкін.

Бұған дейін Дональд Трамп Украинаға салынған қаражатты ресурстар және сирек жер металдары арқылы қайтаруды көздейтінін бірнеше рет мәлімдеген болатын.