Шерзат Полаттың ісі бойынша сот процесі барысында сотталушылар айыптау актісі бойынша тағылған айыпты мойындайтыны немесе мойындамайтыны жөнінде сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
СОТТАЛУШЫЛАР НЕ ДЕДІ
Прокурор Дана Сәрсенбай айыптау актісін бірнеше сағат бойы оқып болғаннан кейін судья Ержан Жанұзақов сотталушыларға сұрақ қойды.
Тағылған айып бойынша өз кінәңізді мойындайсыз ба? – деп сұрады ол сотталушылардан.
Басты айыпталушы саналатын Абзал Шынасыл “кінәмді жартылай мойындамаймын” деп жауап берді. “Шерзат Полатқа пышақ сұққан мен емес, мен Нұрқанат Ғайыпбаевқа...” деп жауап берді. “Яғни 99-баптың 2 бөлігін мойындамайсыз. Ал 24-баптың 3-бөлігі мен 99 баптың 2-бөлігі бойынша мойындайсыз ба?” деген сұраққа “мойындаймын” деді ол.
Сотталушы Равил Сәкиев “кінәні толық мойындамаймын, мен істеген затымды ғана мойындаймын” деп жауап берді.
Сотталушы Белғожаев “маған тағылған айыптаулар бойынша келіспейтін жерім бар. 293-бап 3-бөлігі бойынша кінәні жартылай мойындаймын. 293-баптың 3-бөлігі (...). Арасындағы моменттер бар. Сол жерді мойындамаймын. Қалған істеген әрекеттерімді толық мойындаймын. Бірақ пышақтың сабымен ұрған жоқпын” деді.
Сотталушы Әскентай “іс әрекеттер құжаттар, бейнежазбалар бойынша (...) 293-бап 3 бөлігі бойынша мен жазықсыздан жазықсыз соққы алып, таяқ жедім” деп жауап берді. Сот оны кінәні мойындамайды деп түсінетінін айтты.
Сотталушы Ілиясов “мойындамаймын” деп қысқа қайырды.
Сотталушы Азамат Тоқтаубаев “жартылай мойындаймын. 293-бабы 3 бөлігі бойынша пышақ болды депті. Қолымда пышақ болған жоқ. Екіншіден, 188-баптың 1-бөлігін мойындамаймын. Ұрлау мақсатында алмадым” деді ол.
Сотталушы Нұрбол Тоқтаубаев “кінәмді жартылай мойындаймын 293 бөлігінде Шерзатқа қолымның ұшы тиген жоқ. Нұрқанатты тепкенімді мойындаймын” деді.
Сотталушы Ысқақ “мен толық мойындамаймын” деп кесті.
ТАЛҒАРДАҒЫ ҚАНДЫ ОҚИҒА
2024 жылы 4 қазан күні Алматы облысында жас жігіттер жабылып, 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болатты өлтіргені дүйім жұртты дүр сілкіндірген. Бір топ жігіт жасөспірімді тепкілеп жатқанын маңайдағы тұрғындар видеоға түсіріп алған. Бұзақылар ешкімді аямапты. 12 қазанға қараған түні марқұмның отбасының үйі өртеніп кетті. Шерзаттың туыстары өртті күдікті тараптың әрекетімен байланыстырды.