Күніне 10 мың қадам жүру артық салмақтан әрдайым құтқара бермейді – АҚШ маманы

Сырым Қаржас
Ашық дереккөзден

Күніне 10 мың қадам жүру – денсаулықты сақтап, артық салмақпен күресудің әмбебап ережесі ретінде бұрыннан кең тараған ұсыныс. Алайда америкалық терапевт Майкл Чичактың пікірінше, бұл көрсеткіш – шартты ғана бағдар, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

WellnessPulse басылымына берген сұхбатында маман нәтиженің санына емес, жүктеменің сапасына байланысты екенін түсіндірді.

Чичактың айтуынша, бұл норма кең таралғанымен, салмақ тастауға келгенде әрқашан тиімді емес. Оның пікірінше, басты рөл атқаратын – қадам саны емес, олардың қарқыны. Ұзаққа созылған жай ғана серуен айтарлықтай арықтауға алып келмейді. Ал медициналық бақылау мәліметтеріне сүйенсек, жылдам жүру метаболизмді жандандырып, калорияны жағуға ықпал етеді.

Дәрігер 2021 жылы жүргізілген зерттеуді мысалға келтіреді. Бұл зерттеуге артық салмағы бар егде жастағы адамдар қатысқан. Олар 12 апта бойы арнайы ұйымдастырылған серуен тобы құрамында күніне шамамен 7 мың қадам жүрген. Нәтижесінде қатысушылардың басым бөлігінде салмақтың азаюы, бел айналымының кішіреюі және май тінінің қысқаруы тіркелген.

Тағы бір мысал – Қытай мәдениет университетінің ғалымдары жүргізген эксперимент. Онда семіздікке шалдыққан студенттер екі топқа бөлінген: бір топ күніне 12 мың қадам жай жүрсе, екінші топ дәл сол қашықтықты жоғары қарқынмен жүріп өткен. Айтарлықтай салмақ жоғалтуға тек екінші топтағы қатысушылар ғана қол жеткізген.

Майкл Чичактың айтуынша, жүру – салмақ тастау стратегиясының тиімді бөлігі бола алады, бірақ ол өзге де пайдалы әдеттермен қатар жүрсе ғана нәтиже береді. Тамақтану тәртібін өзгертпей, тұрақты жаттығулар жасамай және сапалы ұйқысыз елеулі нәтижеге үміттенудің қажеті жоқ.