Омбы азаматтық бірлестігінің белсенділері Украинадағы соғыста Омбы облысында тұратын этникалық қазақтар жиі қаза табатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Қазақстандық блогер Руслан Шынтас Омбы облысында тұратын, соғыста қаза тапқан немесе хабар-ошарсыз кеткен қазақтардың тізімін жариялады. Белсенділердің айтуынша, аталған тізімге енген 210 адамның есімі жергілікті тұрғындардың көмегімен жиналған.
Омбы азаматтық бірлестігінің мүшелері бұл тізімді өз деректерімен салыстырып, көңіл көншітпейтін қорытынды жасаған.
Қазір Омбы облысында Украинадағы соғыста қаза тапқандардың кемінде 15 пайызы – этникалық қазақтар. Бұл – 1400 адамның ішінен 171 адам. Тағы 40 адам хабар-ошарсыз кеткендердің қатарында. Бірақ біз олардың да қаза тапқанын, тек Ресей қорғаныс министрлігі жәрдемақы төлемес үшін ресми түрде мойындамай отырғанын болжаймыз, – дейді бірлестік өкілдері.
РЕСМИ ДЕРЕК
Ресей үкіметінің ресми мәліметінше, Омбы облысында этникалық қазақтар бар-жоғы 4,1 пайызды құрайды, яғни шамамен 69 мың адам. Алайда олардың соғыста қаза табу үлесі орташа көрсеткіштен төрт есе жоғары.
Бұл сәйкестік жай кездейсоқтық па? Ресей қорғаныс министрлігі неліктен тегі қазақ азаматтарды белсенді түрде мобилизациялап немесе келісімшартпен әскерге тартып жатыр? Олардың арасындағы өлім-жітімнің тым көп болуы осының салдары. Бұл сұрақтарға жауабымыз жоқ. Бірақ статистика – өздігінен-ақ бәрін айтып тұр, – дейді белсенділер.
Олардың айтуынша, этникалық азшылық өкілдерінің өлімі Ресейдің басқа аймақтарында да орташа деңгейден бірнеше есе жоғары. Бұл – жүйелі үрдіс.
СОҒЫСТАҒЫ ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР
Бұған дейін Украинадағы “Хочу жить” ақпараттық жобасы Ресейдің қарулы күштері жағында соғысқа қатысқан болуы мүмкін Қазақстанның 661 азаматының тізімін жариялаған болатын. 2024 жылдың соңындағы дерекке сәйкес, олардың кемінде 78-і көз жұмған.
Жоба авторларының сөзінше, ресейліктер "жақын шетел" атанған елдердің – Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстан азаматтарына бағытталған. Олар адамдарды әскерге үш түрлі жолмен тартады. Жарияланған тізімнен таныстарын таныған қазақстандықтар да табыла бастады.