Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысына барған сапарында қандай жағдай болса да, мемлекет тиісті әлеуметтік міндеттемелерді орындайтынын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Тоқаев Маңғыстау облысының денсаулық сақтау жүйесінде кемшіліктер барын айтты. Соңғы жылдары аймақта нәрестелердің өлімі азайып келеді. Бірақ елдегі жағдаймен салыстырғанда бұл көрсеткіш бәрібір жоғары болып шыққан. Қазақстан бойынша көрсеткіш – 6,01. Аймақта қатерлі ісік дертіне шалдығу және одан көз жұму деректері азайған. Онкологиялық ауруын асқындырып алған адамдар әлі де көп. Облыста жедел жәрдем бригадалары жетіспейді.
Білім беру мекемелерінде болып жатқан келеңсіз оқиғаларды айтпай кетуге болмайды. Балалардың тамақтан жаппай улану деректері азаймай тұр. Бұл – әбден ұят нәрсе. Былтыр 400-ден астам бала, биыл 42 бала зардап шеккен. Бұл оқиғалар мектептерде азық-түлік қауіпсіздігі сақталмай жатқанын көрсетеді. Үкіметке жауапты мемлекеттік органдармен бірлесіп, оқушылардың қауіпсіздігін қатаң бақылауға алуды тапсырамын. Білім беру мекемелері қызмет көрсететін ұйымдармен сапалы әрі нақты жұмыс жүргізуі керек. Әкімдік осындай өрескел жағдайларға мүлде жол бермеуге тиіс. Жалпы әлеуметтік саланың маңызы айрықша. Себебі, біз – әлеуметтік елміз, – деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы қандай жағдай болса да, мемлекетіміз тиісті әлеуметтік міндеттемелерді орындайтынын, мұқтаж жандардың бәріне қажетті көмек көрсетілетінін айтты.
Әлемде мұндай тәжірибе сирек кездеседі. Бірақ біз үшін бұл – мызғымас ұстаным. Сондай-ақ мәселенің екінші жағы бар. Әлеуметтік жеңілдіктер мен жәрдемге ие болу үшін қитұрқы әрекеттер жасайтындар аз емес. Тіпті әлеуметтік алаяқтық пайда болды деп айтуға болады. Ондай алаяқтар мемлекетке де, қоғамға да зиянын тигізіп жатыр. Көмек шын мұқтаж адамдарға берілуге тиіс. Сондықтан тағы да қайталап айтамын, әлеуметтік қолдау жүйесін мұқият зерделеу керек. Облыс әкімі сирек кездесетін металдардың көзін ашу үшін геологиялық барлауды белсенді түрде жүргізу керек деп ұсыныс айтты. Қолдаймын. Үкімет бұл мәселеге ерекше көңіл бөлуі қажет. Осымен күн тәртібіндегі мәселенің бәрін қарадық. Барлық тапсырмалар уақтылы орындалуға тиіс. Әр мәселе менің жеке бақылауымда болады. Тағы да айтайын, еліміздің болашағы тек өзіміздің қолымызда. Сырттан біреу келіп, бізге өз жұмысымызды істеп бермейді. Бұл – Маңғыстау облысына тікелей қатысты сөз, – деді Тоқаев.
Президент Маңғыстау облысын жедел дамудың үлгісі ретінде көрсетуіміз керек деді.