Украинада соғысқан екі қазақ босатылды

Сымбат Сатыбалдина
Владимир Зеленскийдің телеграм арнасынан

Пасха мейрамы кезінде өткен тұтқындар алмасуы барысында Украина аумағында соғысқа қатысқан екі қазақстандық азамат босатылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Бұл ақпаратты Ресейлік "Наш выход" қоғамдық қозғалысы таратты. Олардың мәліметінше, тұтқындар алмасу нәтижесінде 2005 жылы туған Егамбердиев Шерхан Жұманазарұлы мен 2002 жылы туған Ордабаев Ерболат Дулатұлы бостандыққа шыққан.

ҚЫЛМЫСТЫҚ ЖАУАПКЕРШІЛІК

Қазақстан заңдары бойынша, шетелдегі соғыс әрекеттеріне қатысу – қылмыс. Мұндай іс-әрекет үшін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Алайда бұл екі азаматтың болашақ тағдыры әзірге белгісіз.

СОҒЫСҚА ҚАТЫСҚАНДАРДЫ СОТТАУ

Еске салайық, бұған дейін заңгер Айман Омарова осы ретте Ulysmedia.kz порталына берген сұхбатында Ресей үшін соғысқан қазақтар елге келсе қанша жылға сотталатынын айтып берген болатын. 

Заңгер Айман Омарованың сөзінше, шетелде басқа мемлекеттің мүддесі үшін барып соғысу – қылмыс. Ол баптар бейбітшілікке және адамзат қауіпсіздігіне қарсы қылмыстар деп аталады.

Олар соғысқа Ресейдің атынан қатысып жатыр. Қылмыстық кодексте 170-бап бар. “Жалдамалылық” деп аталады. Соның 3 және 4 бөлігі бойынша қылмыстық құрам бар болуы мүмкін, – дейді ол.

Аталған баптың үшінші және төртінші бабы “жалдамалының қарулы қақтығысқа, соғыс қимылдарына немесе конституциялық құрылысты құлатуға немесе оған нұқсан келтіруге бағытталған өзге де күш қолдану әрекеттеріне қатысуы не мемлекеттің аумақтық тұтастығын бұзуы” және “адамдардың қаза табуына немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан іс-әрекет” деп аталады. Осы қылмысты жасаған адамдардың мүлкі тәркіленіп, 7-10 жылға және 15-20 жылға дейін сотталуы мүмкін. Төртінші бөлігі бойынша соттаса, тіпті Қазақстан азаматтығынан айырады.

Мұның алдында Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха Қазақстаннан шыққан жүздеген жалдамалы сарбаздың Ресей тарапында Украинадағы соғысқа қатысып жатқаны туралы ақпаратқа қатысты пікір білдіріп, ол тізімнен хабарсыз екенін айтқан болатын.