Google Ресейге қарсы шықты ма: 3,8 млн рубльдік айыппұл не үшін

Ілияс Бақыт
Ашық дереккөзден

Мәскеудің Таган аудандық соты Google компаниясын Ресей Қарулы Күштерінің Украинадағы әскери операцияларына қатысқан және қаза тапқан сарбаздардың жеке деректерін жариялады деп танып, 3,8 миллион рубль көлемінде айыппұл салды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

РЕСЕЙ ЗАҢЫН БҰЗҒАН ВИДЕО YOUTUBE-ТЕ ЖАРИЯЛАНҒАН

ТАСС-тың мәліметінше, РФ Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің жеке ақпаратты шектеу тәртібін бұзу туралы бабына сәйкес іс қозғалған. Бұл заңбұзушылық YouTube платформасында жарияланған бейнероликтердің бірінен анықталған.

Сот шешімінде:

«Ресей Федерациясы Қарулы Күштерінің арнайы операция (Украинадағы соғыс – ред.) кезінде қаза тапқан әскери қызметкерлердің шығындары, аты-жөні, жеке мәліметтері туралы ақпарат РФ заңнамасына сай таратылуы тыйым салынған ақпарат ретінде танылды», – делінген.

GOOGLE-ТІҢ YOUTUBE-ТЕГІ ТАҒЫ БІР "ҚАТЕСІ"

Бұған дейін, ресейлік БАҚ-тарда YouTube-та ресейлік әскерилерге тұтқынға берілу туралы нұсқаулық жарияланғаны жайлы хабарланған. Бұл да сот шешімінің себептерінің бірі болғанымен, соттың толық мәтінінде басқа да себептер бар екені көрсетілген.

GOOGLE-ГЕ БҰЛ БІРІНШІ РЕТ ЕМЕС

Таган соты бұған дейін де Google компаниясына бірнеше мәрте айыппұл салған. Ол жолы да YouTube платформасындағы видеолар себеп болды. Атап айтқанда, "дәстүрлі емес жыныстық қатынасты насихаттау" және "ресей армиясын қаралау" сынды контенттер ресейлік заңға қайшы деп танылған еді.