Оқ тиген Руслан Берденовтің жағдайы қалай

Сырым Қаржас
Мәжіліс

21 сәуір кешкісін Шымкентте қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке оқ атылды. Ол оқ тиген жарақатпен ауыр халде ауруханаға жеткізілді. Алғашқыда оның жағдайы аса ауыр деп бағаланған. Дәрігерлер жедел түрде алғашқы медициналық көмек көрсетіп, бірден қалалық ауруханаға жеткізді. Онда күрделі операция жасалды. Хирургиялық араласу төрт сағаттан астам уақытқа созылған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Соңғы мәліметтер бойынша, оның өміріне төнген қауіп сейілгенімен, жағдайы әлі де ауыр күйде. Қазір ол дәрігерлердің тұрақты бақылауында қажетті ем қабылдап жатыр.

Отадан кейінгі диагноз жарақаттың ауырлығын растайды. Руслан Берденовке оң жақ кеуде тұсынан оқ тиген, оқ өкпенің төменгі бөлігін, қабырғааралық артериялар мен көк ет зақымдаған. Сонымен қатар, оған гемопневмоторакс, іш қуысының бірнеше жерінен жарақаттануы, бауырдың зақымдануы, ішкі қан кету, оң жақ бүйрекке, иық пен білекке тиген бытырадан жарақат және сыртқы қан кету диагноздары қойылған. Жәбірленуші плевропульмоналдық және геморрагиялық шок алған.

Еске сала кетейік, оқиға қала әкімдігі ғимаратының маңында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, шабуыл жасады деген күдікпен бір адам ұсталды.